Билік

СҚО-ға «CLAAS Group» компаниясының делегациясы келді

Ауыл шаруашылығын дамытуда техниканың мықты, заманауи болуының маңызы зор. Бұл ретте солтүстікқазақстандық аграрийлер үшін «CLAAS Group» компаниясының комбайн-тракторлары – таптырмас күш. Бүгінде облыста дәл осы неміс өндірісінің 1000-ға жуық көлігі жұмыс істеп тұр. Ең алғашқы алтауы 92-ші жылы әкелінген. Соның біреуі қазіргі күнде де егіс алқабында қызмет етуде. «CLAAS Group» компаниясы Бақылау кеңесінің төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзердің сөзінше, соңғы үлгілері егінді сеуіп-жинау жұмыстарына алдындағыларына қарағанда әлдеқайда жылдам атқарады екен.

КАТРИНА КЛААС-МЮЛЬХОЙЗЕР, «CLAAS Group» компаниясы Бақылау кеңесінің төрайымы, ГФР:
– Біздің компаниямызға 109 жыл болды. CLAAS-тың Америка, Германия, Франция, Қытай, Венгрия, Индия сынды елдерде бірнеше өндіріс ошақтары бар. Қатарды Қазақстандағы зауыт та толтырып отыр. Жалпы, Қазақстанда ауыл шаруашылығының алар орны ерекше екенінен хабардармыз. Әсіресе, егінді көптеп өсірумен көзге түсесіздер. Елдеріңізге келгеніме өте қуаныштымын.

Құмар Ақсақалов «CLAAS Group» компаниясының делегациясымен кездесу барысында жыл сайын техника жаңарту деңгейін 6 пайызға арттыру жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Былтыр теріскейлік аграрийлер 2 мың техника сатып алған, оның ішінде «CLAAS Group» компаниясының комбайндары да бар.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Қазақстанда және біздің облысымызда «CLAAS Group» компаниясының техникаларының саны жылдан-жылға көбейеді деген сенімдемін. Осы ретте трактор-комбайндарды тізгіндейтін адамдарды қосымша оқыту қажеттігін айтқым келеді. Өйткені, уақыт өткен сайын техника күрделеніп келеді. Қысқа қарай жүргізушілерді оқытып отырсақ, артық болмас. Сонымен қатар, сервистік қызметпен айналысатындардың санын арттыру керек.

Айтылған ұсыныстарды германиялық меймандар қуана қабыл алды.

КАТРИНА КЛААС-МЮЛЬХОЙЗЕР, «CLAAS Group» компаниясы Бақылау кеңесінің төрайымы, ГФР:
– Біздің серіктестігіміз жемісті, ұзағынан болады деген сенімдемін. Қалаларыңызда ауқымды цех тұрғызыпсыздар. Жоспарланған шаруалар орындалып келетіні көңіл қуантады. Осы жерде айтылған ұсыныстарыңызбен келісіп, қарастыратын боламыз.

«CLAAS Group» компаниясының техникасына қол жеткізу үшін «Қазагроқаржы» желісі арқылы 260 солтүстікқазақстандық өтініш білдірген. Өтінімі мақұлданған жандар техниканың 19-ын ғана сатып алған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Петропавлдағы құрастыру компаниясы «Қазагроқаржы» желісіне қосылды. Осының арқасында ауыл шаруашылығы техникасының бағасын 27 пайызға арзандату мүмкіндігі пайда болды. Мемлекет тарапынан көрсетілген көмек 1 жыл ішінде өз нәтижесін беріп отыр. Яғни, осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстың жемісі бар екенін айта аламыз.

Кездесу қорытындысы бойынша ірі компания өкілдері сатылымның өсуіне байланысты Петропавлдағы сервистік орталықтардың санын артып, қосалқы бөлшектер қоймасы кеңейтілетінін айтты.

Алтынай Казиканова