Әр түрлі

“Қызылжар су” ЖШС су құбырларын жөндеуге 228,8 млн теңге бағыттаған

Бүгін “Қызылжар су” серіктестігінің мамандары баспасөз турын өткізді. Шара барысында жиналғандар кәсіпорынның жыл басынан бері атқарған және атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Бірінші болып көпшілік Береке шағын ауданына ат басын бұрды. Қазір мұнда ауызсу құбырын ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Магистральдің ұзындығы – 700 метр. Ал жалпы, бүгінге дейін серіктестік қала бойынша 3,5 шақырымдық су тарату жүйесін жаңартқан. Негізінен, бұндай жұмыстар апат орын алу қаупі жоғары аймақтарда жүргізіледі екен.

АРМАН САУТОВ, “Қызылжар су” ЖШС атқарушы директоры:
– Жыл соңына дейін жалпы аумағы 5,5 шақырым болатын су құбыры ауыстырылмақ. Сондай-ақ, 2,5 шақырым кәріз жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Қазіргі таңада су тарату желілері 57,9%-ға тозған. Жыл санап жағдай жақсаруда. Ал кәріз жүйесіне келер болсақ, құбырдың 61,7% ауыстыруды қажет етеді. Бұл бағытта 2004 жылдан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Бірінші жартыжылдықтағы ауқымды іске серіктестік 169,3 млн теңге жұмсаған. Жоғарыда айтылған жұмыстардан бөлек кәсіпорын бұл қаржыға 130-ға тарта құдық пен 16 өрт гидрантын жөндеген және жер астында зақымданған 80-ге тарта тұсты қалыпқа келтірген. Атқарылған істің нәтижесінде апаттар саны қысқарып отыр. Былтыр желілерден 115 мәрте ақау шықса, биыл бұл көрсеткіш 77-ні құрап отыр. Көпшілік барған келесі объект – биотоған маңында орналасқан кәріздік сорғы станциясы.

ЕРБОЛ НӘБИЕВ, “Қызылжар су” ЖШС бас инженерінің орынбасары:
– 2014 жылы жүргізілген жаңғырту жұмыстары кезінде станцияға “Ertis” сорғы қондырғылары орнатылды. Жабдық сенімді ақтаған жоқ. Қазіргі таңда оның біреуі қайта жөндеуге келмейді. Қалғандары әр екі ай сайын істен шығады. Сол себепті, жылдың басында швейцариялық қондырғыны орнатуды жөн көрдік. Оның қуаттылығы сағатына 3 мың текше метрді құрайды.

Жоба құны 87 млн теңгені құрайды. Жалпы, биыл “Қызылжар су” серіктестігінің басшылығы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына 228,8 млн теңге бағыттап отыр.

Алдияр Айтпаев