Денсаулық сақтау

Ертең емханаларға тіркелу науқаны бастау алады

Қыркүйектің 15-і, яғни ертең емханаларға тіркелу басталады. Дәстүрлі науқан қарашаның 15-ші жұлдызына дейін жалғасады. Осы ретте қазіргі таңда облысымызда азаматтарға 17 мекеме алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Оның 1-еуі – жекеменшік, қалғаны – мемлекеттік ұйымдар.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚОФ бөлім басшысы:
– Емханаға тіркелудің екі тәсілі бар. Біріншісі “Egov.kz” порталы арқылы. Сайттың арнайы тексерісінен кейін мекемеге тіркелуге болады. Екінші тәсіл ол келесідей санаттарға арналған. Мүгедектер, асыраушылары бар адамдар, студенттер, зейнеткерлер және істі болғандар. Бұл азаматтар емханаға барып тіркеуге тұра алады. Мүгедектігі бар жандар мекемеге өздері бара алмаса, оларды күтетін адамдары болады. Ол кісілердің әрине сенімхаттары болуы шарт.

Ал аталған екі тәсілді белгілі бір себептерге байланысты қолдана алмайтын жандар халыққа қызмет көрсету орталығына барулары керек. Көбінесе бұндай қызметке зейнеткерлер жүгінеді екен. Енді кезекті сұрақ. Медициналық науқанға кімдер қатысады? Өз емханасының жұмысына көңілі толмайтындар және тұрғылықты мекенжайын ауыстырғандар. Яғни қаланың бір ауданынан екіншісіне көшкендер. Сондай-ақ, тіркеуден ықтиярхаттары бар шетелдік еңбек мигранттар да өте алады. Бірақ, оларға қойылған бірнеше талап бар.

ҚАРЛЫҒАШ ІЛИЯСОВА, “ӘМСҚ” КЕ АҚ СҚОФ бөлім басшысы:
– Еңбек мигранттарымен қатар емханаларға олардың отбасы мүшелері де тіркеле алады. Бірақ, олар міндетті түрде ЕЭО елдерінен келген болуы шарт. Яғни, Ресей, Армения, Қырғызстан және Беларусь мемлекеттерінен. Екіншіден, бұл санаттағы азаматтардың міндетті түрде жұмыс орнынан түсіп жатқан төлемдерден басқа еркін медициналық сақтандыруы болуы керек.

Петропавлдағы №3 қалалық емханада қазіргі таңда барлығы 72 мыңға жуық адам тіркеуде тұр. Оның 20 мыңнан астамы – кәмелетке толмаған балалар. Медициналық науқан басталған кезде бұл сандар тағы өспек.

КРИСТИНА САФОНОВА, №3 қалалық емхананың бөлімше меңгерушісі
– Бір учаскеге тіркелушілер саны 1700-ден аспауы керек. Сол себепті де кейбір кезде азаматтардың тіркеуі мақұлданбайды. Ондай жағдайға тап болған жан басқа терапевт дәрігерді нұсқап қайтадан тіркеуден өтуі тиіс. Жалпы, азаматтар емхана таңдау ісіне аса жауапкершілікпен қараса дейміз. Тіркелген медициналық мекемесі өз үйіне жақын болғаны жөн.

Бір емханадан екіншісіне ауысқан кезде алғашқы медициналық мекемеден азамат автоматты түрде шығарылады. Бірақ, мынаны ескеру қажет, жаңа айтқанымыздай тіркеу қарашаның 15-сіне дейін жалғасады. Бірақ, медициналық мекемелерге отандастарымыз қаңтардың 1-ші жұлдызынан ғана ауыстырыла бастайды. Оған дейін ағайын бас ауырып, балтыр сыздаса бұрынғы ұйымдардың көмегіне жүгінеді.

Алдияр Айтпаев