Білім

Студенттерді жаңа ортаға бейімдеу

Мына студенттердің басым бөлігі биыл мектеп тәмамдады. Қазір Петропавлда жергілікті Қозыбаев университетімен американдық Аризона университеті бірлесе қолға алған қосдипломдық бағдарлама аясында білім алуда. Жаңа орта, мұғалімдердің күрделі тапсырмалары, ата-ананың алыста болуы мен достардың аздығы. Мұның бәрі болашақ педагог-психологтардың әлеуметтік-психологиялық жағдайына кері әсер етуі мүмкін.

КАМИЛА ДҮЙСЕНБЕКОВА, Қозыбаев университеті психологиялық қызметінің педагог-психологы:
– Жоғары оқу орнына бейімделу. Жоғары оқу орны өте үлкен. Жаңа мұғалімдер, ешкімді білмейді. Сондықтан, студенттерде қорқыныш сезімі жиі болуы мүмкін.

Осыны ескеріп мамандар тренинг өткізуді жөн көріпті. Жаңа ортаға бейімделу бағытындағы іс-шараны Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің психологы Дәния Тұрысова өткізуде.

10 жылға жуық тәжірибесі бар маман бірнеше тәсілді тілге тиек етті. Алғашқысы және ең бастысы – адамның ашық болуы. Дәния Тұрысованың сөзінше, студент неғұрлым айналасындағы жандармен тығыз араласса, жаңа ортаға соғұрлым тез бейімделеді. Бұл – дәлелденген әдіс.

ДӘНИЯ ТҰРЫСОВА, Бәйкен Әшімов атындағы Петропавл машина жасау және көлік колледжінің психолог-маманы:
– Жұмыстың мұндай формасымен жақсы таныспын. Өзім колледжде еңбек еткендіктен, студенттермен тығыз араласамын. Соның арқасында негізгі кемшіліктерді бес саусақтай білемін десем де болады. Бүгін соны университеттің жастарына баяндап жатырмын.

Камаль Ақбарова маманның айтқанын мұқият тыңдап отыр. Петропавлдың қызына жаңа ортаға үйренісу аса қиындық тудырмапты. Ал кейбір қатарластарына сәл қиын болған екен. Мұндай жағдайда достар бірін-бірін қолдауға дайын. Бірлік бар жерде тірлік бар.

КАМАЛЬ АҚБАРОВА, Қозыбаев университетінің студенті:
– Бір нәрсені түсінбесең, қандай да бір қиындықтарға тап болсаң, топтастарыңнан көмек сұрай аласың. Біз жақын араласамыз.

Студенттерге әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету үшін Қозыбаев университетінің 2-ші корпусында арнайы стенд те қойылған. Мұнда ақысыз негізде ұсынылатын қызмет түрлері рет-ретімен жазылыпты. Қазіргі таңда қара шаңырақта 6 мыңнан астам жас білім алады. Оның 1300-ден астамы – бірінші курс студенттері. Ал қосдипломдық бағдарлама аясында 170 адам оқиды.

Байболат Култанов