Әр түрлі

СҚО-да жыл басынан бері 500-ге жуық өрт оқиғасы тіркелді

Жыл басынан бері Петропавлда 108 өрт оқиғасы тіркелді. Солардың бірі 28-ші тамыз күні Михеев қысқа көшесінде болды. Онда тұрғын үй өртке оранды. От баспана шатырының 80 шаршы метрін шарпыған. Абырой болғанда ешкім зардап шеккен жоқ дейді төтенше жағдайлар департаментінің мамандары. Мамандардың айтуынша өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болыпты.

ДАРХАН СМАҒҰЛОВ, қалалық ТЖ басқармасының бас маманы:
– Өрттің жалпы аумағы 280 шаршы метрді құрады. Қызыл жалын шатырмен қоса шаруашылық құрылыстарына да тарап кеткен. От үйге жақын орналасқан нысанның 200 шаршы метрін жайлады.

Брифинг барысында ағымдағы жылдың маусым айында үйлерде өртке қарсы 800-ден астам датчик тағылғаны туралы айтылды. Алдағы уақытта тағы 340-қа жуығы орнатылмақ. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының айтуынша 15-ші тамыздан бері облыста өрт қауіпсіздігі айлығы жүріп жатыр. Оның барысында тиісті талаптар сақталмаған 4 жарым мыңнан астам баспана есепке алынған.

ДАРХАН СМАҒҰЛОВ, қалалық ТЖ басқармасының бас маманы:
– Әлеуметтік аз қамтылған топтарға жататын тұрғындар арасында күнделікті профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Алдын алу шаралары барысында азаматтармен жылыту маусымына дайындық турасында әңгімелесіп, брошюралар таратылады.

Айта кеткен жөн, өрт қауіпті кезеңі басталғалы қураған өсімдіктерді өртегені үшін 23 солтүстікқазақстандыққа 61 мыңнан асатын айыппұл салынған. Жалпы, жыл басынан бері өңірде 500-ге жуық өрт оқиғасы тіркелді. Салдарынан 33 адам қаза тауып, 14 адам түрлі дене жарақатын алды. Өрттен келген материалдық шығын көлемі 320 млн теңгеден асады.

Самал Жунусова