Мәдениет

Петропавлда «Sana» дамыту орталығы ашылды

Қазақ сыныбында оқитын балалардың білімін одан әрі жетілдіріп, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру. Петропавлда 5-тен 15 жасқа дейінгі ұл-қыздарға арналған «Sana» дамыту орталығы ашылды. Мұнда жылдам оқу техникасы, көркем жазу, актерлік шеберлік бойынша сабақтар өткізілмек. Орталықтың ерекшелігі – қазақстандық авторлық бағдарламамен білім беруінде. Яғни, оқулықтардың барлығы мемлекеттік тілде, мұғалімдердің тәжірибелеріне сүйеніп жазылған.

КЛАРА ОРАЗБЕКОВА, «Sana» дамыту орталығының жетекшісі:
– Мен бала күту демалысындамын, мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Жұмысқа шыққанша басқа да балаларға пайдам тисін деген оймен осындай орталық аштым.  Актерлік шеберлік курсында балалар өздерін еркін ұстап, қазақ тілінде таза сөйлеуді үйренеді. Бұл жерде 4 маман жұмыс жасайды. Балалар өз сабақ кестесіне қарай топтарға бөлінеді. Бірінші кезекте оқитындар сағат 2-де келеді. Ал 3,4 сынып оқушылары 15:00-ге дейін келеді.

Ал екінші ауысымда оқитын шәкірттер үшін сабақ таңғы 9-да басталмақ. Жалпы, Клара Оразбекова қазақ тілін дамыту орталығын ашуды көптен бері армандағанын айтады. Дегеніне жету үшін «Бастау Бизнестің» оқыту курстарынан өтіп, жобасын дайындаған, оны қорғап, сертификатқа қол жеткізген. Сәйкесінше, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 225 000 теңгенің грантына ие болыпты.

КЛАРА ОРАЗБЕКОВА, «Sana» дамыту орталығының жетекшісі:
– Өз балаларым Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияда оқиды. Қазақтілді мектеп болғандықтан, осы маңнан орталық ашқым келді. Бизнес-жобамды қорғамай тұрып бір ай бұрын ақшасын төлеп алдым. Өзіме сенімді болдым. Себебі, қалада қазақ тілді орталық жоқтың қасы.

Айта кетсек, мемлекеттік грант 29-ға толмаған жастарға және көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар жандарға, әлеуметтік осал топтан шыққан азаматтарға беріледі. Максималды сома 400 АЕК көлемінде.

РУСЛАН ДЕЙНЕКО, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы:
– Бағдарламаға жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған деп тіркелгендер қатыса алады. Қаржылай қолдауға ие болу үшін қолда міндетті түрде «Бастау Бизнестің» сертификаты болғаны абзал. Қазіргі уақытта Петропавл қаласы бойынша 148 грант беру көзделген. Оның 78-і – жастар, қалғаны – әлеуметтік осал топтағы жандар.

Осы күнге дейін Клара Оразбековадан бөлек, тағы 34 петропавлдық қайтарымсыз қаржылай қолдауға ие болған.

Алтынай Казиканова