Әр түрлі

Өрт сөндіруші батырлар

Ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндіруші. Петропавлдағы №5 өрт сөндіру бөлімінің мамандарды жап-жаңа шақырудан оралды. Олардың батылдығы мен шапшаңдығының арқасында бас көтерген от әрі қарай тарамай, жедел сөндірілген. Жігіттер бөлімше командирі Қайырнас Қайырбектің басшылығымен жұмыс істепті. Азамат бұл салада 6 жылдан бері еңбек етіп жүр. “Құтқарушы болу бала күнгі арманым емес”,- дейді жерлесіміз. 21 жасында теріскейлік полицей атануға тырысыпты. Алайда, таңдауы бір-ақ күнде өзгерген екен.

ҚАЙЫРНАС ҚАЙЫРБЕК, №5 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі:
– Полицияға құжаттарымды жинап жүрген едім. Бір күні көрші үйде өрт болды. Сонда үлкен көлік келіп, одан мықты-мықты жігіттер шығып, қызыл жалынды сөндірді. Сонда мен таң қалып, осы салада өзімді сынап көрейін деп шештім.

Қайырнас Қайырбек қызмет ететін №5 өрт сөндіру бөлімі “Береке” шағын ауданында орналасқан. Бұл аумақта тар көшелер, жер үйлер көп.
Төбесі көк тіреген баспаналардың да саны ұлғайып келеді. Соңғы шақыртулардың бірінде азамат 5 қабатты үйге барыпты. Онда подъезд отқа оранған екен.

ҚАЙЫРНАС ҚАЙЫРБЕК, №5 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі:
– Подъездтің ішінде көк түтін болды. Түк көрінген жоқ. Тыныс алу аппаратымен кіріп, адамдарды құтқардық. Бір үйде 2 кішкентай бала болды. Оларды аман-есен таза ауаға шығардық.

Қайырнастың басынан өткен осындай оқиғалар өте көп. Бәрін бірдей айтпайды. Себебі, отбасым алаңдайды деп қорқады. Жақында жерлесіміз Қостанай облысынан оралды. Көрші өңірде өрт сөндіруші алапат отпен күрескен. Нақтырақ айтсақ, үйлерді қызыл жалыннан қорғаған. Ал осындай батырларымызға лайықты жалақы төленіп жүр ме? Бұл – қоғамда жиі қойылатын сұрақ.

ҚАЙЫРНАС ҚАЙЫРБЕК, №5 өрт сөндіру бөлімі бөлімшесінің командирі:
– Жалақы туралы айтатын болсақ, көп те, аз деп те айта алмаймын. Бірақ, ел Президенті мен ТЖМ айтқандары бойынша жалақымыз жылдан жылға көбейеді екен. Соған сеніп, күтудеміз.

Иә, жалақы артады. Болашақта Құтқарушылардың табысы полицейлермен және ҰҚК қызметкерлерінің кірісімен бірдей болмақ. “Бірақ, бұл саланы ақша үшін таңдаған жоқпыз, адам өмірі әлдеқайда қымбат”,- дейді Қайырнас Қайырбек. Түсірілім барысында өрт сөндірушілерге тағы бір шақырту түсті. Мамандар асығып соған кетті.


Самал Жунусова