Қоғам

Қалада көмір қоры жеткілікті

Бұл Жұмысшы кентіндегі теміржол тұйығындағы көрініс. Жүк көліктерінен ұзын-сонар кезек құрылған. Жұртшылық қыстың қамын ойлап, қара отын үшін мұнда таңғы сағат 5-6-дан тұр. Мұнда көмір алуға қала тұрғындарымен қатар алыс-жақын аудандардан да ат терлетіп келгендер бар.

– Явленкадан таңғы сағат 5-те келдім. Кезектің соңы көрінбейді. Қысқыға 4-5 тонна керек.
– Кезегім 5 сағаттан кейін келді. Мұнда кім алға ұмтылып кіреді, сол кіреді. Кім қалады, сол қалады.

Ағайын қара отыннан қол үзіп қалмаймыз ба деп алаңдауда. Бірақ оған еш себеп жоқ. Қаламызға вагон-вагон көмір күнделікті жеткізілуде. Ал теміржол тұйығына көліктер аумақта тәртіп сақталуы үшін он-оннан кіргізіліп жатыр.

МҰРАТХАН ТҰРМҰХАМБЕТОВ, “Жан” ЖК менеджері:
– Теміржол тұйығына бүгін 9 вагон көмір жеткізілді. Оны қазір саудалап жатырмыз. Түстен кейін тағы 10 вагон келеді. Ертең 15 вагон әкелінбек. Арғы күні 7 вагон, оның ізінен 23 вагон келе жатыр. Биыл былтырғыдан қарағанда көмір қоры көбірек болмақ.

Тұйыққа осы айда 215, қазанда тағы сонша вагон көмір жеткізілмек. Айта кету қажет, бұл аумақта Шұбаркөл қара отыны 14900 теңгеге сатылуда. Жалпы, биыл қала бойынша қажеттілік 70 мың тоннаны құрап отыр.

ӘСЕМ АЙТУЛОВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Қаламызда 15 мың орталық жылыту жүйесіне қосылмаған үй бар. Биылғы қажеттілік 70 мың тоннаны құраса, былтыр көмірге деген сұраныс 60 мың тонна болды. Өткен жылы облыс орталығына 140 мың тонна қара отын жеткізілді.

Қазіргі таңда қалада қара отын 4 теміржол тұйығында сатылып жатыр. Маркалары – Қаражыра, Шұбаркөл мен Майкүбі. Соңғы екеуі солтүстікқазақстандықтар арасында көп сұранысқа ие.

Алдияр Айтпаев