Қоғам

Биыл 180-нен астам егде жастағы жан жұмыспен қамтылмақ

Болат Нубаевтың жасы 62-де. Бір жылдан кейін азамат зейнетке шығады. Қазіргі таңда жерлесіміз Бескөлдегі ет дайындау және шұжық өндірісі кешенінде тер төгуде. Лауазымы – шаруашылық жөніндегі басқарушы. Бұл жұмысқа тұру оңай болмаған. Қарттықтың ауылы жақын жаста азамат екі қолға бір күрек таба алмаған. Жауапты іске аудандық жұмыспен қамту орталығы көмектесіпті. Жұмысқа азамат “Күміс жас” жобасы арқылы тұрған.

БОЛАТ НУБАЕВ, “Импульс” ЖК шаруашылық жөніндегі басқарушысы, Қызылжар ауданы:
– Ақпан айында Қызылжар ауданының жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Мамандардан маған жұмыс қарастыруларын сұрадым. Олар маған бір айдан кейін осы өндіріс орнынан бос вакансия тауып берді. Қазіргі таңда құжаттармен және мал сатып алу ісімен айналысамын. Бұл жерге келмес бұрын 1,5 жыл белгілі себептерге байланысты жұмыссыз болдым. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Зейнетақы шотына аударылып жатқан жарна да жақсы.

Қазіргі таңда Болат Нубаев 180 мың теңге жалақы алады. Оның 50%-ын -мемлекет, қалған екінші жартысын өндіріс орнының басшылығы береді. Сондай-ақ, азаматтың жол шығынын да жеке кәсіпкер өтейді. Жалпы, “Күміс жас” жобасы арқылы биыл Қызылжар ауданында 10 солтүстікқазақстандық жұмысқа тұрған.

ИРИНА МУЛЬДИНОВА, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы:
– Жылдық жоспар бойынша бұл жоба негізінде 148 адамды жұмыспен қамтуымыз керек. Қазіргі таңда 84 азаматқа екі қолға бір күрек табылған. “Күміс жас” бағдарламасына зейнетке шығуына 2 жылдан аз уақыт қалған жерлестеріміз қатыса алады.

Бұл бағдарлама арқылы өңіріміздің егде жастағы азаматтары бос жұмыс орындары жәрмеңкесі арқылы да жұмысқа тұра алады.

Алдияр Айтпаев