Ауыл шаруашылығы

Мамлют ауданында дәнді дақылдардың 59,2 пайызы жиналды

Бүгінде «Новомихайловское-2003» серіктестігінде күзгі орақ науқаны қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Диқандар күніне 1000 тонна өнім жинауда. Мәселен, жарты күнде мына 169 га аумаққа егілген екінші орал-сібір сұрыпты бидайының 500 тоннасы шауып алынған. Мамлюттік аграрийлер күзгі жиын-терім жұмыстарын тамыз айында бастаған екен. Ең алдымен тез пісетін 21,3 га бұршақ қамбаға салыныпты.

ПЕТР БОГДАНОВ, «Новомихайловское-2003» ЖШС бас агрономы, Мамлют ауданы:
– Жерге себілген дәндердің басым көпшілігі, яғни 3500 гектары – бидай. 1000 га аумаққа арпа, 2300 гектарға жасымық, 1800 га-ға зығыр еккен болатынбыз. Әзірге, майлы дақылдар бастырылған жоқ. Ертең зығырды жинамақпыз. Биыл бидай мен арпа бітік шыққанын айта кету қажет. Күзгі орақ науқаны үшін ауа райы да көңіл қуантып тұр. Өткен жылы осы себептен шаруаны кеш, яғни қазанның аяғына қарай бірақ тәмамдаған едік.

Биыл «Новомихайловское-2003» серіктестігі бидайдың 9 түрлі сұрпын егіп көріп, тәжірибеден өткізген. Дәндердің 2 түрі Канаданыкі, Германия, Франциядан алынғандары да бар. Жалпы, аграрийлердің сөзінше, дәнді дақылдардың гектар берекелігі 30 центнерді құрамақ. Қазіргі уақытта ырыздықты жинауға 32 механизатор ат салысуда. 30 жастағы Иван Герман маңызды науқанға екінші қатысып отырғанын айтады.

ИВАН ГЕРМАН, «Новомихайловское-2003» ЖШС механизаторы, Мамлют ауданы:
– Серіктестікке жұмысқа тұрғалы біраз техниканың тілін меңгеріп алдым. Қазір «John Deere» комбайнында жұмыс істеп жүрмін. Жалақымыздың жыл сайын көбейіп жатқаны қуантады. Орақ науқаны аяқталысымен міндетті түрде сыйақы беріледі. Уақыт өткен сайын техника да жаңарып, ішіндегі жағдайы жақсаруда. Бұл әрине, шаруаны тез әрі сапалы аяқтауға септеседі.

«Новомихайловское-2003» серіктестігінің егістік алқаптарындағы жұмыс шамамен 15-20 күннен кейін бітеді деп жоспарланып отыр. Жалпы Мамлют ауданында дәнді далқылдардың 59,2, майлы дақылдардың әзірге тек 7,7 мыңы қамбаға салынды.

Алтынай Казиканова