Қоғам

Қоғам дертіне айналған интернетпен күрес

Интернет – қоғамның басты дерті. Ғаламтор қазіргі таңда еңбектеген баланың да, еңкейген қарттың да басты қызығушылығы болып барады. Телефонға телміріп түрлі бейнежазбалар көреміз, ойын ойнаймыз. Осылайша уақыттың қалай өткендігін де байқамай жатамыз. Бұдан бізге келіп-кетер пайдасынан гөрі, кесірі көп. Аяжан Әскерова – тәжірибелі психолог-логопед. Нәзікжанды 5-6 жас шамасындағы бүлдіршіндерге жылдам оқуды үйретеді. Сондай-ақ, сөйлеуі мен тілінде кемістігі бар балалармен жұмыс істейді. Маманның көмегіне жүгінетіндер аз емес. Оған көп жағдайда телефон мен ішіндегі интернет себеп.

АЯЖАН ӘСКЕРОВА, психолог-логопед:
– Бірінші кезекте маған ата-аналар балаларының тілдерін дамыту үшін жүгінеді. Себебі, көптеген ұл-қыздардың әлеуметтік желілердің кесірінен тіл дамуы тежеледі. Олар тұйық бола бастайды және сөйлеулері баяулайды. Балада тірі байланыс жоқ. Ата-анасымен сөйлеспейді, өздерімен шамалас балалармен де араласпады. Сондықтан, осындай тежеулер бола бастайды.

Бұндай проблемамен жалынды жастар да бетпе-бет келіп отыр. Психолог-логопед Аяжан Әскерованың айтуынша әлеуметтік желіге байланған жастардан тәртіп пен тәрбие сынды адами қасиеттер алшақтайды.

АЯЖАН ӘСКЕРОВА, психолог-логопед:
– Жастар мессенджерлерден шет елдердің блогерлерді көреді. Кейін соларға еліктейді. Шаш үлгілері мен киіну стильдерін өзгертеді. Ең сорақысы, соларға еліктеп сөйлейді. Мінез-құлықтары өзгереді. Үлкенге деген құрметтері азайып, дөрекілікке жол береді. Қоғамдағы бұл проблеманы шешуге болады. Ең бірінші, үйдегі қарым-қатынас. Ата-аналар баларымен үлкен болсын, кіші болсын сөйлесіп көбірек бірге уақыт өткізу қажет.

Сондай-ақ, маман бұл проблемадан арылу үшін түрлі спорттық секциялар мен үйірмелерге баруға кеңес береді. Осы ретте петропавлдық жастардың құлақтарына алтын сырға. Қыркүйек айынан қаламызда “Артымнан ер” спартакиадасына өтініштер қабылдау басталды. Тың жоба телефонға телмірген жастарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған.

РҮСТЕМ АРМАНОВ, “Қазақстанның болашағы үшін” студенттер бірлестігінің төрағасы
– Бүгінгі күнге дейін 23 жас тіркеуден өтті. Барлығы 50 қатысушы болмақ. Спартакиада 24-ші қыркүйек күні өтеді. Бірінші кезеңінде жастар жүгіру мен турникке тартылу бойынша өздерінің қарым-қабілеттерін көрсетеді. Кейіннен страйкбол ойыны ойнатылады.

Спартакиада бір күнге жалғасады, бірақ ауқымы 3 айды қамтиды. Қараша айында қатысушылар қайта бас қосып қыркүйектегі нәтижелерін қаншалықты жақсартқандарын қарайды. Яғни, бұл жоба жастардың спортпен белсенді айналысып кетуіне серпін береді.

Алдияр Айтпаев