Konstitutsia banner mobile

Қоғам

Қиялы ауылдық округіне жаңа әкім сайланды

Қиялы ауылдық округінде сайлау өтті. Кеше аталған аумаққа жаңа әкім сайланды. Ел тізгінін ұстайтын жанды таңдау үшін елді мекенде таңғы сағат 6-дан барлығы 4 учаске өз жұмысын бастады. Соның бірі Қиялы ауылының орта мектебінде орналасқан. Мұнда №106 сайлау пункті жұмыс істеді.

ЕЛЕНА МАМЫЧЕВА, №106 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының төрайымы, Аққайың ауданы:
– Біздің №106 сайлау учаскесінде 769 сайлаушы бар. Пункт таңғы сағат 6-да ашылды. 10:30-дағы жағдай бойынша тізімдегі жандардың 30% өз дауыстарын берді. Ауыл тұрғындары саяси науқанға белсенді қатысуда. Учаске кешкі 8-де жабылады.

Өз таңдауын жасау үшін 106-сы сайлау учаскесіне Вячеслав Сустретов келді. Азамат ауылда 51 жылдан бері тұрады. Елдің жағдайымен жақсы таныс. “Өзгеріс қажет”, – дейді.

ВЯЧЕСЛАВ СУСТРЕТОВ, Қиялы ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Біріншіден жолдарымыз жөнделсе екен. Жаңа әкім келісімен көшелерді жарықтандыру да қолға алынса дейміз. Округке кім басшылық етсе де ел игілігі үшін жұмысын адал атқарса болғаны.

Қиялыда 107-ші сайлау учаскесі де жұмыс істеді. Таңғы сағат 11:30-дағы жағдай бойынша мұнда 187 адам келіп өз таңдауын жасаған. Бұл – барлық сайлаушылардың шамамен 40 пайызы.

– Жаңа әкім біздің сұрақтарымыз бен мәселелерді дұрыстап шешіп, халқымыз бен ауылымызға адал еңбек етеді деген сенімдеміз.
– Ауылымыздағы өзекті мәселелердің бірі жолмен байланысты. Ауылішілік және ауданаралық жолдардың жағдайы көңілге қаяу салады.
– Округке халықты назарсыз қалдырмайтын жақсы әкім керек.

Бұл сайлауға барлығы 1300-ден астам жан қатысуға тиіс еді. Бірақ, әкімді тағайындауда елді мекен тұрғындарының 1100-і белсенділік танытқан. Қалғаны шарадан қалыс қалған екен. Жалпы, саяси науқанда 3 кандидат ұсынылыпты. Оның екеуі округке басшы болуға өздігінен ниет білдіріпті. Ал үшіншісі – осы Қиялы ауылының тұрғыны. Азамат “AMANAT” партиясынан үміткер болып, саяси науқанда ең көп дауыс жинады. Енді Қиялы ауылдық округіне Евгений Гоц жетекшілік етеді.

Алдияр Айтпаев