Әр түрлі

Есіл өзеніне 400 мың тұқы балығы жіберілді

Бұл – балық питомнигі. Мына бассейнде млн-нан аса тұқы балығының шабақтары жүзіп жүр. Мамандар су жануарларын жасанды тоғанда 3 ай бойы асыраған. Нәтижесінде шабақтардың әрқайсысы шамамен 15 грамнан астам салмақ жинапты. Бұл оларды табиғат аясына жіберуге жеткілікті. Ал жаңа мекенде олардың 80 пайызы қоршаған ортаға үйренісіп, бейімделіп кетеді.

АНАСТАСИЯ МОЛОТКОВА, Петропавл балық питомнигінің цех меңгерушісі:
– Шабақтар су қоймаларына жіберілмес бұрын арнайы тексерістен өтеді. Яғни, әрқайсысының салмағы өлшенеді. Аязды қыстан аман шығу үшін бір балықтың салмағы 12 грамнан кем болмауы тиіс. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденген. Мен жаңа ғана әр балықтың салмағын өлшеп шықтым. Шамамен 15 грамнан асады.

Мамандардың айтуынша, тұқы балықтары табиғи ортада өздігінен көбейе алмайды. Сол себепті, мемлекеттік тапсырыс бойынша өңірдегі су қоймаларына жыл сайын млн-нан аса тұқы балығы жіберіледі. Бүгін 400 мыңнан астамы Есіл өзеніне Бәйтерек ауылының тұсынан жіберілсе, қалған 600 мыңы ертең Сергеевка су қоймасына жөнелтіледі. Балықтандыру процесіне ел қазынасынан 24 млн теңге қаражат бөлінген.

МИХАИЛ НИКИТИН, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
– Облыс бойынша 2 мыңнан астам су қоймасы бар. 501-і балық шаруашылығы тізбесіне енгізілген. Олардың 300-ден астамы балық шаруашылығы субъектілерімен бекітілген. Жергілікті су айдындарында өсірілетін балықтардың негізгі түрлері – сиг пен тұқы балықтары.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың көктемінде су қоймаларына 35 млн-нан астам балық дернәсілі жіберілген. Оған мемлекеттен 30 млн теңге жұмсалған.

Самал Жунусова