Білім

Лобанов ауылында «Зейнеп» жоғары көпсалалы колледжі жұмысын бастады

Құмар Ақсақалов Айыртау ауданына сапары барысында Лобаново ауылындағы «Зейнеп» колледжінің ашылу салтанатына да қатысты. Жоғары көпсалалы оқу орны бұрынғы Айыртау ауылшаруашылық колледжінің базасында орналасқан. Жұмысы тоқтап қалған ғимаратты жерлесіміз, Almaty Management University-дің негізін қалаған Асылбек Қожахметов қалпына келтіріп, жаңадан дем берді. Жаңарту жұмыстары мен материалдық-техникалық базаны жабдықтауға 405 млн теңге жұмсалған екен.

АСЫЛБЕК ҚОЖАХМЕТОВ, «ZEINEP» жоғары көпсалалы колледжінің құрылтайшысы:
– Елдің дамуында білімнің атқарар рөлі зор. Әсіресе, ауылдық жерлердегі білім деңгейіне аса назар аударған жөн. Қазіргі колледждің ашылуы игі істің бастауы деп білеміз. Оқу ошағының маңайын гүлдендіріп, өң беру үшін келесі жылы 200 млн теңге құймақпыз, одан арғы тағы кейінгі жылы да колледж игілігіне осынша сома жұмсалмақ. Жергілікті оқушылар қала асып кетпей өз туған жерлерінде қалып білім алу үшін қажетті жағдайдың бәрін жасаймыз.

«Зейнеп» жоғары көпсалалы колледжінің студенттері 15 бағыт бойынша оқытылады. Айыртау ауданында курорттық аймақтардың барын ескере келе, басымдық туризм мен менеджмент саласына берілмек. Мектеп түлектеріне 100 мемлекеттік грант бөлінген. Мұнда жергілікті ұл-қыздардан бөлек, 5 облыстан келген оқушылар да білім алады. Оқу орнында студенттер үшін қажетті жағдай жасалған.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінге облыста 10 мыңға жуық жас колледждерде білім алуда. Соңғы 2 жылда 9 мемлекеттік колледжге 2 млрд 400 млн теңге бөлініп, жаңа қондырғылар алынды. Колледждер заманауи тракторлар, комбайндар және цифрлық техника алынып, студенттер тәжірибеден өтуде.

Қазіргі таңда колледжде 28 қызметкер еңбек етуде, мамандар санын 70-ке дейін көбейту жоспарланып отыр. Тілге тиек етсек, білім нысанының студенттері «Имантау» демалыс орнында тәжірибеден өтеді.

Алтынай Казиканова