Билік

Халыққа жылу уақытымен берілуі тиіс

Жылыту маусымына дайындықты жеделдету қажет! Үкіметтің кезекті отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов атқамінерлерге осындай тапсырма берді. Қазір станцияларда отын жинау жұмыстары қызу жүргізілуде. Бүгінгі күні арнайы қоймалардағы көмір қоры 4 млн тоннаға жуықтайды. Ал мазут 83 мың тоннаны құрап отыр. Бұл бекітілген нормаларға сәйкес келеді. Биыл қауырт науқан кезінде ерекше назарды қажет ететін өңірлерге Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Ақмола, Павлодар мен Абай облыстары және Нұрсұлтан қаласы кірді.

Әлихан Смайылов – ҚР Премьер-Министрі:
– «Халыққа жылу уақытымен беріліп, көмір жеткізуге байланысты проблема болмауы тиіс. Көмір тапшылығы жыл сайын қайталанатын үйреншікті жағдайға айналып барады. Көмір бағасының күрт өсуі, уақытында жеткізілмеуі, өңірлерде көмір қорын дер кезінде жинап алмау – осының барлығы халықтың наразылығына алып келеді. Бұған жол беруге болмайды. Солтүстік өңірлерге суық ерте түседі. Сондықтан, жылыту маусымын қыркүйектің соңында бастау жоспарланған. Демек, дайындық жұмыстарын барынша тездету қажет».

Алдияр Айтпаев