Әр түрлі

Жыл басынан бері “Даму” қорынан 200-ден астам кәсіпкер қолдау алды

«Hani» – кондитерлік дүкен. Петропавлда франшиза негізінде 2019 жылы құрылыпты. Дүкен басшысы Ербатыр Қожахметовтың айтуынша осы жылға дейін бірнеше нысанды жалға алып жүрген. Биыл өздерінің жеке орындарын ашуды жөн көріп, «Даму» қоры арқылы 6 пайызбен несие алған.

ЕРБАТЫР ҚОЖАХМЕТОВ, кәсіпкер:
– Осы жылдың мамыр айында «Даму» кәсіпкерлерді қолдау қорына өтінішімізді бердік. Мекеме оң жауабын берді. Енді өзіміздің жеке меншік ғимаратымызды алдық. Қазір жөндеу жұмыстарды жүргізіліп жатыр. Ғимараттың құны – 34 млн теңге. Соның 7 млн-нын өзіміз салдық, ал 27 млн-ды осы «Даму» қоры берді.

Ал «PMK Product» серіктестігі ет өңдеумен айналысады. Тәуліктік қуаттылықтары 3 тоннаға дейін жетеді. Кәсіпорын басшылығы алдағы бір айда «Солтүстік ет» атты жаңа бренд ашуды жоспарлап отыр. Онда тек халал өнімі өндіріледі дейді серіктестік басшысы Роман Шаров. Жоспарды жүзеге асыру жолында «Даму» қорына жүгініпті.

РОМАН ШАРОВ, кәсіпкер:
– Жаңа цех ашу үшін жылдық мөлшерлемесі 6 пайызбен 36 айға 196 млн теңге несие алдық. Жалпы, «Даму» қорының қызметін пайдаланып келе жатқанымызға 10 жылдай болып қалды. Әсіресе, шикізат сатып алу жөнінде жүгінеміз. Мамандар қандай да бір мәселе бойынша туындаған сұрақты тез шешуге көмектеседі.

«Даму» қоры тек шағын бизнесті ғана емес, «Радуга», «Петропавл электртехникалық зауыты» секілді ірі серіктестіктерге де қолдау көрсетеді. Мысалы, бірінші аталған кәсіпорын басшылығы жуырда ғана қағазды қайта өңдеу жобасы аясында сол 6 пайызбен 1,3 млрд теңге қарыз алған.

ОЛЕГ ПАК, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ өңірлік филиалының директоры:
– «Даму» қоры жыл басынан бері несиені субсидиялау бойынша жиынтық көлемі 6,8 млрд теңге болатын 213 жобаны мақұлдады. Сондай-ақ, қор жалпы құны 5,7 млрд теңге болатын 198 жобаға кепілдік берді.

«Даму» қорының мамандары іскер азаматтарға қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, кәсіби ақыл-кеңестерін де ұсынады. Бизнеске кредит алып, оны тиімді жаратудың қыр-сырын білетін жандар жыл басынан бері 213 кәсіпкерге консультация берген.

Самал Жунусова