Спорт

Саумалкөл ауылында көпсалалы спорт кешенінің ашылу салтанаты өтті

Кең, жарық, спорттың түр-түрімен айналысу үшін қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Айыртау ауданының Саумалкөл ауылында көпсалалы спорт кешені ашылды. Мектеп оқушылары футзал, баскетбол, теннис ойнап, жаңа нысанның қызығын көруде. 13 жастағы Данияр Қасымғалиев әсіресе бокстасуға арналған бөлек рингтің пайда болғанына қуанышты. Облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері осыған дейін сайыстарға дайындалу үшін алыс жердегі залға барып, табан тоздырып, біршама уақытын жоғалтыпты.

ДАНИЯР ҚАСЫМҒАЛИЕВ – №2 Саумалкөл мектеп-гимназиясының оқушысы, Айыртау ауданы:
– Ал мына зал мектептің қасында. Сабақтан шыққан соң, келіп жаттығуға болады. Боксқа 10 жасымда келдім, айналысып жүргеніме 3 жыл болды. Қазақстан чемпионатына қатыстым, республикалық сайыста орын алып, спорт шеберіне үміткер атағына ие болдым.

Айыртау ауданында еркін күрес жақсы дамыған, Қазақстан чемпионы атанған азаматтар да баршылық. Сонымен қатар, оқушылар жеңіл атлетика, футзал, футболға да белсене қатысады екен.

АЛИМХАН АМАНБАЕВ, Саумалкөл қазақ орта мектебінің оқушысы, Айыртау ауданы:
– Мен осы спорт кешенінің ішінде болашақта футбол үйірмесіне қатысамын. Бұрынғы спортзалда еркін күреске қатысқым келген. Бірақ, ол жерде мүмкіндіктер болмады.

Спорт кешенінде оқушылардың емін-еркін жаттығуы үшін майда-шүйде заттарға дейін қарастырылған. Мәселен, қосалқы құрам ойыншылары мен көрермендер үшін орындықтар да қойылыпты. Енді дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мүмкіндіктерді оңтайлы пайдаланып, қазақ күресін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр.

ЕРЛАН ШАЙМЕРГЕНОВ, Саумалкөл қазақ орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі, Айыртау ауданы:
– Бұрын үлкен күрес алаңы болмаған еді. Негізі, өзім күресшімін, кілемнің келгеніне қатты қуанып тұрмын. Қазақ күресін дамытамыз ба деген ойдамын. Болашақта қыздар арасында қазақ күресін ашқым келеді.

Жаңадан бой көтерген нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Аймақ басшысы саумалкөлдіктерді құттықтап, мектеп оқушыларымен тілдесті.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біздің облысымызда соңғы жылдары 6 спорт кешені ашылды. Тағы төртеуі салынуда. Сондай-ақ, 6 жабық хоккей корты салынды, тағы екеуінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Спорт кешенінің аумағы 1400 шаршы метрді құрайды. Құны 228 млн теңгеден асатын жоба «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры арқылы жүзеге асырылған.

АЛЬФИЯ АДИЕВА, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры:
– 2020 жылдың аяғында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан ҚР бірқатар өңірлерінде осындай көпсалалы спорт кешендерін салып беру шешілген болатын. Жергілікті әкімдіктердің ұсыныстары бойынша облыстар белгіленді. 2021 жылдан бастап құрылысы басталған 5 өңір Түркістан, Қарағанды, Ақтөбе, Жаңаөзен қала, ауылдарына спорт кешені берілді. Солтүстік өңіріндегі бұл – 6-шы нысан.

Көпсалалы спорт кешенінде 500-ге жуық жасөспірім жаттығып, салауатты өмір салтының дамуына үлес қоспақ.

Алтынай Казиканова