Әр түрлі

Өңірде күзгі әскерге шақырту науқаны жүргізілуде

Өңірде қыркүйектің 1-ші жұлдызынан күзгі әскерге шақыру науқаны жүріп жатыр. Бүгін жауапты іс барысындағы жоспарды нақтылау үшін қорғаныс істері департаментінің өкілдері жиын өткізді. Бірінші кезекте мамандар көктемгі науқанды қорытындылады. Жылдың басында 580-ге тарта солтүстікқазақстандыққа әскерден шақырту келсе, Отан алдындағы борышын өтеуге олардың 445-і аттаныпты. Қалғаны түрлі себептерге байланысты қалыс қалған.

МАРАТ КАРИМОВ, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары:
– Күзгі әскерге шақырту науқанының қорытындысы бойынша белгіленген құрамның жинақталмауы бойынша зерттеулер жүргізілді. Департамент бастығының тапсырмасымен 30 тәртіптік шара қолданылып және 21 сөгіс жарияланды. Сарбаздарды әскерге іріктеу кезінде шекара қызметі, Ұлттық ұлан, ТЖМ және мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп тиісті жұмыс жүргізілді.

Өткен маусымға көз жүгірткеннен кейін мамандар күзгі әскерге шақырту науқаны жайлы сөз қозғады. Қазіргі таңда өңірімізде 14 шақырту комиссиясы жұмыс істеп жатыр. Қыркүйектің 1-і мен желтоқсанның 31-і аралығында мамандар 600-ге жуық тепсе темір үзер жігітті Отан алдындағы борышын өтеуге жібермек. Оның 30-ы Уәлиханов ауданының жастары болады деп жоспарлануда.

РУСТАМ АХМЕТОВ, Уәлиханов ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басшысы
– 30 шақырушы іріктелініп, зерделенді. Олар жылдың аяғына дейін медициналық тексеріс пен шақыру комиссиясынан өтеді. Бәрі жақсы болған жағдайда жастарды әскерге жібереміз. Жыл санап шақыртушылар тарапынан әскерге баруға белсенділік танытып жатқандар көбеюде. Әртүрлі жағдай болады. Кейбір шақыртушылар денсаулықтарына байланысты тексерістен өте алмай жатады. Оның барлығы заңмен қаралып, шешім қабылданады.

Күзгі шақыртумен өңір жастарының алғашқы легі қыркүйектің 11-і күні Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ. Барлығы – 15 жалынды жігіт Шығыс Қазақстан облысында қызмет етпек.

Алдияр Айтпаев