Мәдениет

Қазақ театрында прьемера сахналанды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры биылғы маусымды күні кеше ғана ашты. Бірақ, көрерменді бүгін қайтадан залға жинап отыр. Бейсенбінің кешінде жергілікті тұрғындарға “Ең жақсы әйел” атты премьера ұсынылмақ. Спектакль – комедия жанрында.

Бұл шығарманың авторы – әлемге әйгілі ағылшын жазушысы Сомерсет Моэм. Шетелдік драматург қоғамдағы еркек пен әйел рөлінің тең еместігін астарлы әзілмен жеткізіпті. Басты рөлде – жасы отызға таяған, екі баласы бар Виктория. Оның алғашқы күйеуі Уильям бірінші дүниежүзілік соғыста мерт болады. Сөйтіп, басы бос келіншек бұрынғы жұбайының досы Фредрик есімді әскери азаматпен шаңырақ көтереді. Жайлы өмір, тәтті махаббат, ара-тұра кикілжің. Отбасылық өмір жалғаса береді. Бірақ, бір күні жанұяның шырқы бұзылады.

Өлдіге санаған Уильям тірі болып шығады. Ол бүгін келемін деп қоңырау шалады. Бұл хабарға басында Виктория сенбегенімен, соңында иланып, төбеден жай түскендей күй кешеді. Жолдасына опасыздық жасаған Фредрик де кірерге жер таппайды. Араға бірер минут салып үйге майдангер келеді. Оған келіншегінің тұрмысқа шыққанын, бақытын басқадан тапқанын естірту қиынға соғады. Бірақ, көп ұзамай бәрі мәлім болады.

Ашу мен өкініш Фредрик пен Викторияның ажырасуына алып келеді. Ал басы босаған келіншек көп уақыт өтпей зәулім үйі бар, қызметі беделді өзге азаматқа тұрмысқа шығады. Қос жұбайымен қоштасарда азаматша балалары үшін қам жемеуге, оларды өзі өсіретінін айтады. Батылдық. Ұл-қыздарды ұмыту, бірнеше рет тұрмыс тұрған әйелдерді сынау – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе. Сахна саңлақтары осыны жеткізе білді.

САЙЛАУ ҚАМИЕВ, қоюшы режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Бір, екі немесе үш әйел алған еркекті қоғамда сөкпейді. Жамандамайды. Ал әйел бір, екі немесе үш рет күйеуге шықса, неге ол туралы ыңғайсыз әңгімелер айтылады? Бірақ, біз еркек пен әйел тең дейміз. Шын мәнісінде олай емес. Біз әйелдерді көбірек жазғырып жатамыз.

Викторияны қара шаңырақтың жас актрисасы Ұлжан Қаламышова сомдады. 22 жастағы өнер иесі театр труппасын былтыр толықтырыпты.

ҰЛЖАН ҚАЛАМЫШОВА, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:
– Рөлге кіруге тырыстым. Дайындық кезінде режиссер маған бағыт-бағдар беріп тұрды. Эмоциямен қалай жұмыс істеу керектігін, ішкі сезімдерімнің қандай болу қажеттігін айтып отырды. Мен үшін үлкен тәжірибе болды.

Премьераны қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сайлау Қамиев. Ол жергілікті әртістермен су жаңа туындыны небәрі 25 күннің ішінде дайындапты.

САЙЛАУ ҚАМИЕВ, қоюшы режиссер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Бұл – менің осы театрдағы екінші қойылымым. Былтыр “Елім-ай” деген тарихи драма қойдым. Екінші қойылым – комедиялық жанрда. Бұл театрды жақсы білемін. Сондықтан, осы жерге екінші рет шақырту алдым деп ойлаймын.

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры ұжымы жақында еліміздің оңтүстігіне гастрөлдік сапармен бармақ. Теріскейлік таланаттар өз туындыларымен қызылордалық және түркістандық көрерменді тәнті етпек.

Байболат Култанов