Өнеркәсіп

Биыл қалада жұмыспен қамту орталығы арқылы 68 жас еңбекпен қамтылған

Петропавл электртехникалық зауыты жастарды жұмысқа шақырады. Биыл серіктестік басшылығы 20 жалынды жасты еңбекпен қамтыған. Ендігі қажеттілік – 35 жан. Өндіріс орнына кадр табу ісіне жұмыспен қамту орталығының өкілдері көмектесуде. Биылдың өзінде мұндағы мамандардың нұсқауымен кәсіпорынға 5 адам келіп, екі қолға бір күрек тапқан. Бүгін трансформатор шығаратын зауытқа “Кәсіптік оқыту” бағдарламасы арқылы Саинхан Кәкімжанов келді. Алдағы үш ай бойы жерлесіміз осында тәжірибе жинақтамақ.

САИНХАН КӘКІМЖАНОВ:
– Жұмыспен қамту орталығы маған екі жерден жұмыс ұсынды. Біреуі – электрик, екіншісі осы “Петропавл электротехникалық зауыты”-нда. Таңдауым осы өндіріс ошағына түсті. Себебі, кәсіпорын өз жұмысшыларына жайлы жағдай жасайды. Жоғары жалақымен және баспанамен қамтиды.

Сұхбаттан кейін Саинхан станокқа тұрды. Бүгіннен бастап ол трансформаторға арналған арнайы изоляциялық қағаз кесумен айналысады. Жалпы, зауыттағы құрал-жабдықтар толығымен автоматтандырылған. Ауыр іс жоқ. “Жұмыс жасауға барлық жағдай жасалған”, – дейді Нұрсұлтан Жолдасов. Жас серіктестікте тамыз айынан бастап еңбек етеді. “Серпін” бағдарламасымен солтүстікке келген азаматқа да жұмыспен қамту орталығы көмектескен.

НҰРСҰЛТАН ЖОЛДАСОВ, “Петропавл электртехникалық зауыты” ЖШС жұмысшысы:
– Жұмыс ауыр емес. Кестеміз де ыңғайлы. Жақсы жағдай жасалған. Мен өзім отбасылы адаммын. Басшылықтан баспана берілді. Бұны обмотка дейді. Жоғары тоқтың қуаттылығын төмендетіп, ал төмен тоқты жоғарылатуда қолданылады. Осыны орап дайындаймын.

Петропавл электртехникалық зауытының жұмысшыларға жоғары жалақы ұсынып отыр. Тәжірибесі жоқ жастардың өзі бастапқы кезде 150 мың теңге алады. Уақыт өте олардың табысы 400 мыңға дейін өседі екен. Небәрі 100 теңге тұратын түскі ас та қарастырылған.

БЕЙБІТ ЫБРАЕВ, “Петропавл электртехникалық зауыты” ЖШС директорының өндіріс жөніндегі орынбасары:
– Қазіргі таңда жас мамандар келіп жатыр. Қазіргі таңда трансформатор жинауды үйретіп жатырмыз. Электрдәнекерлеуші, сырлаушы, трансформатор жинаушылар, операторлар және оқшаулағыш заттарды дайындайтын мамандар қажет.

Жалпы, биыл жұмыспен қамту орталығы арқылы Петропавл электртехникалық зауытына 5 адам жұмысқа тұрған. Ал жалпы екі қолға бір күрек тапқандардың саны 70-ке жуық.

Алдияр Айтпаев