Мәдениет

С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры жаңа маусымын ашты

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры 24-ші маусымды «Құлеке батыр» атты қойылыммен ашты. Спектакль тарихи тұлғаның 320 жылдығына арналған. Туындының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Баянғали Әлімжанов. Қоюшы режиссер – Ержан Қауланов.

Құлеке батыр Абылай ханның ең сенімді серіктерінің бірі болған. Елшілік қызмет те атқарған. Қалмақтың батыры Бағанатыны жекпе-жекте жеңіп, ата-жұртты жаудан босатқан. Құлеке батырдың бойында шешендік, әділдік, тапқырлық қасиеттердің барлығы болған деседі. Құлеке батырдың рөлін актер Тұрақ Дұрысбеков сомдады.

Театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаровтың айтуынша бұл тарихи драма – хас батырдың ерліктерінің айқын көрінісі. Жалпы, театр ұжымының биылғы жоспары ауқымды. Өнерсүйер қауымға бірталай тың туынды ұсынғалы отыр.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі;
– Алдағы репертуарымыз бойынша Сафуан Шаймерденовтың 100 жылдығына арнайы қойылған қойылымымызды қайтадан қалыпқа келтіріп, 9-ы мен 16-сы аралығында көрермендерге «Дөкей келе жатыр» комедиясын ұсынамыз. Әлі де алдағы жоспарламыз тың.

Айта кету қажет, өткен маусым бүгінгі қойылыммен жабылған еді. Бұл тарихи драманың сиясы кетпегендіктен, осы туындымен ашуды ұйғарған екен. Алдағы уақытта “Құлеке батыр” тарихи драмасы шалақындықтардың назарына ұсынылмақ. Сонымен қатар, театр ұжымы өңірдің өзге де аудандарына баруды жоспарлап отыр.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ – С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі
– Жалпы, театр болғандықтан, өнермен алмасып жүреміз. Батыс өңірінің екі қаласына шығармамызды көрсеттік. Сол сияқты алдағы уақытта оңтүстікке гастрөлдік сапармен жол тартуды жоспарлап отырмыз. Екі театрдың арасында шағармашылық байланысымызды арттырсақ деймін.

Құлеке батыр туралы спектакль 1 сағатқа созылды. Қойылымға 20-ға жуық актер тартылған. Сахналық туынды көрерменнің көңілінен шықты.


Гульден Симбаева