Ауыл шаруашылығы

Құс фабрикасына балапандардың кезекті партиясы жеткізілді

Қызылжар ауданындағы “ПТФ “Жаңа құс” серіктестігіне балапандардың кезекті партиясы жеткізілді. Етті бағыттағы 20 мың шөже Ресейдің Челябі қаласында өсірілген. Қанаттылардың дәл осы түрін таңдау үшін ұйым басшылығы арнайы шекара асыпты. Көрші елдегі фабрикада ауқымды зерттеу жұмысы жүргізілген екен. Сапар барысында жергілікті мамандар құстардың туу тарихына дейін білген.

Сүп-сүйкімді балапандар өздерін жақсы сезінеді. Серіктестік мамандары жәшіктерді корпус ішіне тасып жатыр. Мұндағы температура даладағыдан әлдеқайда жоғары. Қолайлы ортада шөжелер тез өседі. Оған мына қанаттылар дәлел. Көрші нысандағы тұмсықтылар су жаңа фабрикаға осыдан 2 жұма бұрын ғана жеткізіліпті. Қазір заманауи кең залда жоғары қарқынмен өсіп келеді. Жақын арада алғашқы партия сою цехіне де жіберілмек.

РАДИЙ КӨШЕРБАЕВ, “ПТФ “Жаңа құс” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Балапандар 42 күнде өсіп, союға жарап қалады. Оған дейін арнайы цехті іске қосамыз. Ол жерде қанаттылар сойылады және ет терең өңделеді. Нысанда ең заманауи құрал-жабдықтар жұмыс істемек. Бұл бізге өнімнің түр-түрін шығаруға мүмкіндік береді. Тұрғындарға органикалық негіздегі тауарымызды “Жаңа құс” логотипімен ұсынбақпыз. Өнімдерімізді шамамен қазан айының басында дүкен сөрелерінен таба аласыздар.

10 күндесін фабриканың тағы бір корпусына балапандардың жаңа партиясы жеткізіледі. 3 нысан жылына 750 тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. Өнім бірінші кезекте өңір нарығында саудаланбақ. Болашақта сұраныс болып жатса, теріскейлік тауар еліміздің басқа аймақтарына экспортталады.

РАДИЙ КӨШЕРБАЕВ, “ПТФ “Жаңа құс” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:
– Құс фабрикасының құрылысы өткен жылдың жазында басталды. 1 жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқардық деп ойлаймын. Бос жатқан төңіректі өндіріс аумағына айналдырдық. Жобаның жалпы құны 1 млрд 700 млн теңгені құрайды. Оның 900 миллионы – мемлекет берген несие. Қолдау күшті. Мұндай көмекті әр кәсіпкер пайдалануы қажет деп ойлаймын.

Құстарға қажет азық фабриканың өзінде әзірленеді. Мына техника қомақты қаржыға Беларусь елінен сатып алыныпты. Ол өзімізде өсірілетін астықтан жемнің түр-түрін жасайды. 1 сағатта 15 тонна өнім әзірлеуге қауқарлы.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Серіктестік аумағында құрылыс жұмыстары қазіргі таңда да жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта мына жерде 3 бірдей корпус пайда болмақ. Оларда да құс өсірілетін болады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, төңірекке қиыршық тас жеткізіліпті. Бірер күндесін мұнда өзге құрылыс материалдары әкелінбек.

Келесі күзде корпустардың саны 6-ауға жетеді. Тиісінше, өнім көлемі де ұлғаяды. Директордың сөзінше, 2023-тің соңына таман өндіріс ошағының жылдық қуаттылығы 1500 тоннаға жетеді. Қызылжар ауданындағы алғашқы құс фабрикасында қазіргі таңда 25 адам еңбек етеді. Олардың барлығы – Новокаменка ауылының тұрғындары. Мамандарға лайықты жалақы төленеді. Арнайы автобус та бөлінген. Оның жүргізушісі қызметкерлерді таңертең жұмысқа әкеліп, кешке үйлеріне жеткізеді.

Байболат Култанов