Билік

Петропавлда облыс әкімінің қатысуымен баспасөз туры өтті

Құмар Ақсақаловтың бастамасымен қоғам белсенділері қаладағы өндіріс ошақтарын аралады. Жиналған қауым алдымен Петропавл электротехникалық зауытына кіріп, толық жұмыс процесімен танысты. Айта кету қажет, биыл “Alageum Electric” компаниясы 4 мың трансформатор шығаруды жоспарлап отыр, жиынтық құны 6 млрд теңгеге жуықтайды. Келесі жылы өнім көлемін арттырып, 8 мыңға жеткізу көзделген.

ЕРСҰЛТАН ШАМШИЕВ, «Петропавл электротехникалық зауыты» ЖШС басқарма төрағасы:
– Одан кейінгі жылы толық жобалық қуатқа шықпақпыз, яғни 13 мың транформатор өндіріледі. Қазіргі уақытта қызметкерлердің біліктілігін арттырып, қосымша оқытудан өткізу үшін Кентау, Орал қалаларынан мамандарды шақырып жатырмыз. Өнімдердің 90 пайызынан астамын ТМД елдеріне экспорттайтынымызды қоса кету қажет.

Осы айда Петропавл электротехникалық зауытына 9 орау станогы әкелінеді. Жыл соңына дейін тағы 1 млрд теңгенің жаңа құрылғылары жеткізілмек. Яғни, кәсіпорын қосымша 40 шақты адамды жұмыспен қамтамасыз етуге дайын деуге болады. Жиналғандардың келесі тоқтаған нысаны – облыстық қазақ сазды-драма театрының құрылыс аумағы. Бүгінде жаңа мәдениет ошағында жұмыс қызған.

ҚАЙРОЛЛА ҒАЛЕЕВ, СҚО құрылыс басқармасының басшысы:
– Жоба құны – 4 млрд теңге. Қазір мердігер “Мирас Group” компаниясы жұмыс істеп жатыр. Отандық, заманауи материалдарды қолданудамыз. Құрылысты аяқтап, қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңа театр 500 адамға шақталған.

Қоғам белсенділері «РимКазАгро» серіктестігінің кезекті жобасы – кеңсе, санитарлық-гигиеналық қағаз шығаратын зауытқа да кіріп шықты. Бұл жақта құрылыс жұмыстары толығымен аяқталған, қажетті жабдықтар да 100 пайыз орнатылды. Шамамен 2 аптадан кейін іске кіріспек ниетте.

ДМИТРИЙ ШАРАПАЕВ ,“Радуга” ЖШС бас директоры:
– Зауыт күніне 15 тонна қағаз шығаруға қауқарлы. Санитарлық-гигиеналық қағаздың барлық түрін өндірмекпіз. Яғни, ең қымбатынан бастап қарапайым қалта көтеретініне дейін. Жалпы, «Радуга» компаниясында 1600 адам еңбек етеді. Осы цехта 100-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Өнімді Қазақстанға ғана емес, Ресейге де сату жоспарда бар.

Келушілер Петропавлда бой көтерген өндіріс ошақтарын асқан қызығушылықпен аралап, әрқайсысының жұмыс барысымен егжей-тегжейлі танысып шықты. Қызықтырған сұрақтарын қойып, қызметкерлермен тілдесті.

САБЫР МҰСТАФИН, Тимирязев ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– Әдейі мында келіп көруге уақыт та, жағдай да келе бермейді. Біздің ауданнан 8 адам келдік. Өте ризамын. Елдің дамуы, өсуі осы жаңа ғимараттардан көрінеді.

БЕРІК САПАНОВ, «AMANAT» партиясы Ғ. Мүсірепов аудандық филиалының атқарушы хатшысы:
– Бұл зауытқа бірінші рет келіп отырмын. Қағаздың қалай шығатынын, қондырғылардың қалай жұмыс істейтінін көрдік. Жұмыс істейтін жердің бәрі таза, қызметкерлердің шын көңілмен еңбек ететіні көрініп тұр. Айлықтарын да сұрастырдық, барлығы көңіл қуантарлықтай.

Жалпы, облыстағы ірі зауыттарды аралау үшін өңірдің түкпір-түкпірінен 70-ке жуық адам келген. Аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімі, орынбасарларынан жиналған топ «Радуга» ЖШС мен «Солтүстік фанер комбинаты»-ның тыныс-тіршілігімен танысты.

Алтынай Казиканова