Ауыл шаруашылығы

Өңірде малға күзгі екпе егу жұмыстары жүріп жатыр

 

Лейкоз, туберкулез, сібір жарасы мен бруцеллез. Облыс аумағында малдан осы және өзге де ауруға қарсы қан алу және екпе егу жұмыстары жүріп жатыр. Әуелі қан алынады. Оның нәтижесі 3 күннен кейін белгілі болады. Сараптама қорытындысы ойдағыдай болса, вакцина қойылады. Белгілі бір кесел түрі анықталса мал санитариялық союға жіберіледі. Төрт түліктен бөлек, құсқа да қанаттылардың тұмауына қарсы иммундау шарасы жүріп жатыр.

ЕРБОЛ БАГЕНОВ, Қызылжар ауданының ветеринарлық станциясының директоры;
– Биылғы жылы 40 мыңнан астам ірі қара мал, 30 мыңға жуық қой мен ешкі, 10 мың жылқы, 24 мың шошқа, 135 мың құсқа екпе егу жұмыстары жүргізіледі. Иммундауға ветеринарлық станцияның 37 мал дәрігері қатысады. Аталған жұмыстар ауданымыздың 69 елді мекенінде, 47 шаруа және фермер қожалықтарында жүргізіп жатыр.

Асаново ауылының тұрғыны Виктор Рукабер мал ұстасаң, күте біл дейді. Қорадағы жануарларының хал-жағдайына жауапкершілікпен қарайды. Яғни, жыл сайын иммундау шарасынан өткізеді. Тіпті, көптің көңілін өзіне аудартқан сүйкімді понилерден де қан алынады.

ВИКТОР РУКАБЕР, Асаново ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы
– Осы уақытқа дейін малдан ешбір ауру анықталған жоқ. Иммундау шарасынан уақытылы өткізіп тұрамын. Мамандар вакцинаны жылына екі рет келіп қойып кетеді: көктемде және күзде.

Облыс бойынша биыл 1 жарым млн-нан астам жануарға екпе қойылу жоспарланып отыр. Айта кетейік, малға арналған күзгі екпе жұмыстары қазан айының соңында аяқталады.

 

Гульден Симбаева