Билік

Өңір халқының 40 пайызы ғана көмірмен қамтылған

Қылышын сүйретіп қаһарлы қыс келе жатыр. Алайда, өңір халқы әлі 100 пайыз көмірмен қамтылмаған. Былтырғы теміржол тұйықтарындағы жағдайды ескерсек, мұның соңы үлкен проблемаға әкеп соғуы мүмкін. Тез арада мәселені біржақты ету қажет.

ПАВЕЛ ШИЛОВ, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
– Бүгінгі күнге дейін 170 мың тонна көмір әзірленді. Ал қажеттілік 419 мың тоннаны құрайды. Қара отынның бағасы әртүрлі. Барлық қызметті қоса алғанда 1 тонна көмірдің құны 18 мың теңгенің үстіне дейін шығады.

Баяндамасында Павел Шилов мырза аудандардың дайындық деңгейін жіпке тізді. Халықты көмірмен қамту жұмыстары Есілде сылбыр жүргізіліп жатқанға ұқсайды. Мұның себебі түсінікті. Явленка селосында теміржол тұйығы жоқ. Қара отынды қаладан тасу қажет. Мәселемен аудан басшысы Медет Оспанов жүгінді.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, облыс әкімінің орынбасары:
– Былтыр көмірді кезексіз жіберіп отырғанбыз. Биыл жіберетін боламыз.

Ал бюджеттік ұйымдарды көмірмен қамту бойынша Мамлют тізімнің соңында тұр. Көрсеткіш бар-жоғы 53 пайыз. Себебін аймақ басшысы аудан әкімінен сұрады.

ВЛАДИСЛАВ ЛУКИН, Мамлют ауданының әкімі:
– Бізде әжептәуір көмір қоры бар. Соның бәрін қоса есептегенде көрсеткіш жоғары болады. Оның үстіне ауданымызға 10 вагон қара отын бүгін жеткізілуі тиіс. Ерте келмеуінің өзіндік себебі бар. Көмір біздің ауданға белгілі бір жағдайларға байланысты жіберілмеді.

Көмір бағасы бұқараның басты базынасына айналмауы тиіс. Бұл бағытта қатаң бақылау мен тексеріс қажет.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Көмір бағасын монополияға қарсы комитет пен энергетика басқармасы бақылауда ұстауы тиіс. Мониториг пен тексеріс күн сайын жүргізілуі қажет. Бұл – олардың тікелей міндеті. Сәтжан Әйтенұлы, мәселеге мән беріңіз! Қазір Үкімет көмірге Kaspi.kz қосымшасы арқылы тапсырыс беру, есеп айырысу және үйге әкелу мүмкіндігін пысықтап жатыр. Осыны жергілікті операторларға жеткізу керек. Тың мүмкіндік теміржол тұйықтарында ұзын-сонар кезекті болдырмайды.

Өзіміздің жыртықты жамай алмай жатқанда өзгенің көсегесін көгерте алмаймыз. Ауылы жақындағы дәл қыстың қарсаңында көмірді шекара асырмау қажет. Облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне бұл мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Шекарашылармен, полицейлермен бірлесе жұмыс жүргізіңіздер! Өңірімізге жеткізілген көмір шекара аспасын! Біздің облыста қара отын да, жанар-жағармай да арзан. Осыны көршілеріміз ұтымды пайдаланып, өздеріне тасып жатыр. Мұндайға жол бермеңіздер!

Биыл Солтүстік Қазақстан облысында жылыту маусымы қыркүйектің 20-сы күні басталмақ. Қыстан қысылмай шығу үшін әлі де көмір қажет. Құмар Ақсақалов орынбасары Сәтжан Аблалиевке мәселені мемлекеттік деңгейде қарастырып, шешуді жүктеді. Қазір аудандарда көпқабатты үйлерді орталық қазандыққа қосу жұмысы жүріп жатқаны мәлім. Бүгінгі күнге дейін 112 баспана қосылыпты. Оларда 3 мың теріскейлік тұрады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бұл жұмысты келесі жылы міндетті түрде жалғастыру керек. Жобалық-сметалық құжаттарды биылдан әзірлеген жөн.

Әкімдік отырысында бірқатар мекеме басшысы да баяндама оқыды. Олардың атқарған жұмыстарының кейбірі көңілден шықпайды. Мысалы, “Қызылжар су” серіктестігінің өкілдері орнататын құдықтар асфальтпен бірдей емес, биік екен.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сам лично каждый люк принимай, каждый лично. Пока до этого не дойдем не справимся, наверное. Все время слышу от людей вот эти замечания.

Отырыста қаралған келесі мәселе – құтқарушылардың жыл басынан бергі жұмысы. Өкінішке қарай, биыл өңірімізде өрттің салдарынан 39 адам ажал құшыпты. Жылыту маусымында көңілге қаяу түсіретін көрсеткіш ұлғаюы әбден мүмкін. Сондықтан, мамандар халық арасында түсіндіру жұмыстарын мықтап жүргізіп жатыр екен. Қазір тұрғындар мен нысандарды ғана емес, ормандарды да тілсіз жаудан қорғау қажет. Бізге іргедегі Қостанай облысындағы жағдай сабақ болуы тиіс.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Жыл басынан бері облысымызда 30 орман өрті тіркелді. Келтірілген шығын көлемі 48,5 млн теңгені құрайды. Біз орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын айтарлықтай нығайттық. Арнайы сараптамадан кейін бұл жұмысты алдағы уақытта да жүргізу қажет. Бұған қоса, қауіпті аумаққа жақын орналасқан кәсіпорындар өртке қарсы адамдар тобын құруы керек. Техника да әзір тұрғаны жөн. Олардың мүмкіндіктерін тексеріңіздер! От бас көтергенде көліктер оталмай қалмасын.

Тағы облыс әкімі елді мекендерге жақын орналасқан құрғақ шөп пен қамысты шабуды тапсырды.

Байболат Култанов