Білім

Қаламыздағы 4 мектепке тау тұлғалардың есімі берілді

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Жаңа оқу жылында жаңаша атаумен. Қазір біз ұлттық спорт түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің алдында тұрмыз. Биыл бұл мекемеге жауырыны жер иіскемеген Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі берілді. Атақты палуанның атындағы оқу ұясының тыныс-тіршілігімен жақынырақ танысайық.

Күрес залында самбо және қазақ күресінің әдіс-тәсілдерін үйреніп жүрген жас палуандар. Спортшылар кезекті жаттығуларын өткізуде. Жақында атақты толағай Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімі берілген мектепте Арнұр Баймағамбет есімді жеткіншек 1 жылдан жаттығады. Болашақта чемпион болуды армандайтын жастың тау тұлға жайлы да аз-кем хабары бар.

Арнұр Баймағамбет:
– Қажымұқан атамыз өте мықты болған. Қазақ күресімен айналысқан. Ол жайлы киноларды көргем. Маған оның өнері өте қатты ұнады. Бұл мектеп маған қатты ұнайды. Жаттығуға күнде келемін. Көп жаттығу жасап, чемпион болғым келеді.

Қазіргі таңда ұлттық спорт түрлерінен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 706 ұл-қыз тәлім алады. Жастар спорттың 7 бүрі бойынша жаттығады. Мұнда 40-қа тарта бапкер еңбек етеді. Мекемеге қазақ халқының тұңғыш кәсіпқой палуанының атын беруді облыстық әкімдікке оқу ұясының басшылығы ұсыныпты.

ВЕНЕРА ЖАКИНА, Ұлттық спорт түрлерінен Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары:
– Мектебімізге Қажымұқан Мұңайтпасовтың есімін беру туралы жарлық шыққан кезде қатты қуандық. Бұл біздің мекемемізге жаңа мәртебе берді. Жағымды жаңалықтан кейін бізге келуші балалардың да саны артты. Әлі де қызығушылық танытып жатқандар көп. Ұл-қыздарымыз Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы мектептің атын шығара береді деген сенімдеміз.

Жалпы, биыл қаламыздың 4 оқу ұясына тау тұлғалардың есімі беріліпті. Енді №9 мектеп ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталады. 2-ші мектеп солтүстіктің маңдайына біткен перзенті – Смағұл Сәдуақасовтың, ал №25 мектеп Алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхановтың атын алды.

Алдияр Айтпаев