Қоғам

Үздік тәлімгер

Бұл – облыстық филармонияның камералық хорының репетициясы. Бұндай хор саны елімізде көп емес. Орындалып жатқан әндер құлақтың құрышын қандырады. Юрий Колчин – тәжірибелі музыкант. Дарынды азаматтың 56 жылдық еңбек өтілі бар. Кезінде Орал консерваториясын тәмамдап, теміржолшылар хорында ән айтқан. Кейін Нижний Тагилдегі мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда Қызылжардағы Ақан сері атындағы облыстық филармонияда хормейстер болып еңбек етуде.

ЮРИЙ КОЛЧИН, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның хормейстері:
– Хордан ешқашан алыстаған емеспін. Мұғалім болып жүргенде де студенттік хормен жұмыс істедім. Қазақстанға 69-шы жылы келдім. Мұндағы еңбек жолым ішкі істер министрлігінің ән-би ансамблінен басталды. Сонымен қатар, консерваторияда да жұмыс істедім.

Юрий Викторовичтің шәкірті көп. Солардың бірі – Ханшабибі Жақсыбай. Айтуынша, ұстаздарын адам ретінде де, педагог ретінде де үлгі тұтады.

ХАНШАБИБІ ЖАҚСЫБАЙ, Ақан сері атындағы облыстық филармония хорының әртісі:
– Юрий Викторовичпен бірінші рет кездескенде мені бір нәрсе таң қалдырды – ол кісінің музыкаға деген басқаша бір көзқарасы. Сонымен қатар, терең, зор дүниетанымы. Осындай керемет музыкантпен жұмыс істеу – әрбіріміз үшін үлкен дәреже.

Өнер ұжымы облыстық ҚХА-ның залында дайындалып жатыр. Өйткені, осы жердің акустикасы жақсы екен. Мұнда концерт өткізуге рұқсат етілмейтін көрінеді. Сол себепті, аппаратурамен жұмыс істейміз, содан дыбыс “өлі”, “механикалық” болады. Жанды дауыстағы әннің тазалығы жоғалады дейді хормейстер. Юрий Колчин жуырда “Еңбек жолы” байқауының облыстық кезеңінде “Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері” номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. Конкурс 3 аталым бойынша өткен. Барлығы – 43 қатысушы бақ сынаған.

АЗАТ МҰХАНОВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы:
– Ағымдағы жылы 1-ші мамыр мен 1-ші шілде аралығында байқауға қатысуға үміткерлердің өтінімдері қабылданды.

Ендігі кезекте үш солтүстікқазақстандық байқаудың республикалық кезеңінде бақ сынайды. Қазан айында өтетін конкурстың бас жүлдесі – 1 млн теңге.

Гульден Симбаева