Әр түрлі

Петропавлда өткен жылыту маусымында 40 үйде өрт пештен шыққан

Өткен жылы жылыту маусымы кезінде Петропавлда 90-нан астам өрт болған.
Келеңсіз жағдайлардың 65-і жеке секторда тіркеліпті. 40 үйде тілсіз жау пештегі ақаудан бас көтерген. Биыл көңілге қаяу түсіретін сандарды азайту мақсатында тамыздың 15-ші жұлдызынан құтқарушылар жер үйлерді аралап жүр. Басты назарда – әлеуметтік тұрғыда осал топқа жататын жандар. Бүгін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері Галина Ульянованың баспанасына бас сұғып, пешінің жағдайын білді.

Нәзікжанды жылыту маусымына жауапкершілікпен қарайды. Жыл сайын мұржаны тазалап, қабырғадағы шел мен жарықтарды бітейді. Бұл жұмысты тыңдыруға көрші-қолаң көмектеседі екен.

ГАЛИНА УЛЬЯНОВА, қала тұрғыны:
– Қысқа отын-көмірім әзір. Арнайы қораға кіргізіп алдым. Жалпы, пешті бұрынғы иелері мықтап орнатқан. Өзім бұл үйде 98-ші жылдан бері тұрамын. Осы уақыт аралығында пеште ешқандай ақау туындаған жоқ. Қауырт маусымда таңертең және кешке от тұтатамын.

Осы ретте арнайы маманның ақыл-кеңесіне құлақ түрейік. Қабиболла Балтабаев – Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің шебері. Азамат пеш салудың қыр-сырын жақсы біледі. Осы ретте солтүстікқазақстандықтың 40 жылдық тәжірибесі бар.

ҚАБИБОЛЛА БАЛТАБАЕВ, Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің шебері:
– Мұнда үш құдықты пеш көрсетілген. Бұл құдықтар таза болуы тиіс. Қабырғалары да түзу болуы шарт. Өрт болмау үшін мына ережелерді сақтау қажет. Пештің маңындағы қосылатын қабырғалар жанатын материалдан болса арасы 380 мм болуы керек. Пеш саларда еденнің үстіне 50 см іргетас құйылуы керек.

Бүгінге дейін құтқарушылар 300 отбасының қауырт маусымға дайындығын бағамдаған. Алдағы уақытта мамандар әлі 1 мыңнан астам шаңыраққа барып, иелерін қауіпсіздік ережелері жайлы құлағдар етпек.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, қалалық ТЖ басқармасының аға инженері:
– Жылыту маусымына отын-көмір әзірлеп қана қоймай, пешті де қамдап алу қажет. Яғни, алдына қаңылтыр төсеу керек. Шел мен жарықтар болса сылау қажет. Пештің маңына киім жаюға болмайды.

Күнделікті төтенше жағдайлар департаментінің мамандары 60-қа жуық үйге кіріп шығады. Бұл жұмыстар жылыту маусымы басталғаннан кейін де өз жалғасын табады.

Алдияр Айтпаев