Білім

Қозыбаев университетінде қос дипломды оқу бағдарламасы іске қосылды

Елімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін беделді шетелдік университеттердің кемінде 5 филиалын ашу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Солардың бірі өңірімізде жүзеге асты. Бүгін жергілікті қара шаңырақта Аризона университетімен бірлескен қос дипломды білім беру бағдарламасы бастау алды. Осыған орай су жаңа корпустың алдында салтанатты шара өтуде. Жиынға Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек, облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен америкалық серіктестер қатысты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгін біз Аризона университетімен бірлесе отырып, қос диплом бойынша жаңа бағдарламаны іске қосып жатырмыз. Бұл, әрине, университетіміздің жалпы дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз. Салтанатты шараға арнайы келіп отырған Аризона университетінің вице-президенті Лизл Фолксқа, сонымен қатар ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекке ризашылығымды білдіргім келеді.

Өз кезегінде Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек жаңа бастаманың маңыздылығына тоқталып өтті.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР Жоғары білім және ғылым министрі:
– Бұл жоба неліктен маңызды және неліктен табысты болады? Біріншіден, ол Президентіміздің ресурс, грант пен инфрақұрылым жағынан толық назарында. Білім және ғылым министрлігі 2-ге бөлінді, яғни жоғары білімге, ғылымға бөлек арнайы назар аударылады. Екіншіден, мықты, көздері ашық жастарды жоғары білім саласына шақырып, кадрларды жаңартып жатырмыз.

Бірлескен бағдарламада оқыту үш тілде, сонымен қатар, IT, инженерия мен агротехнология бағыттары бойынша жүргізіледі. Шараға жиналған қауымға жаңа корпуста экскурсия ұйымдастырылды. 11 қабатты ғимаратта 70-тен астам зертхана орналастырылмақ. Солардың бірі – биотехнология зертханасы.

– Бұл тоқпен жұмыс жасайтын хромотограф, яғни ұшпайтын пестициттермен жұмыс жасайды. Мысалы, бұл жерде 700-ге жуық пестициттерді анықтау мүмкіндігі бар.

Ал көрші орналасқан кабинетте дрондармен жұмыс жүргізіледі. Бірақ, бәріміз үйреніп қалған түсірілім үшін емес, ғылыми бағытта іс қолға алынады. Бұл құрылғылар егіншілікке арналған. Олардың көмегімен жер учаскесі туралы толық және нақты ақпарат алуға болады.

Ал бұл зертханада студенттер арнайы симуляторда адам өмірін сақтауға үйреніп, жаттыға алады.

Бұндай құрылғылар тек жетекші медициналық университеттер де бар. Жаңа корпус жиналғандарды таң қалдырды. Кездесу соңында 2 елдің өкілдері ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Айта кеткен жөн, биыл қос дипломды халықаралық бағдарлама аясында Қозыбаев университетіне еліміздің түкпір-түкпірінен 170 бала оқуға түсіпті.

Самал Жунусова