Билік

Елімізде дизель отынына деген сұраныс жыл санап артуда

Ағымдағы жылы елімізде 3,5 млн тоннадан астам дизель отыны өндірілді. Бұл мәліметті Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Энергетика министрі айтты. Жиын барысында Болат Ақшолақов елді мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқандығына егжей-тегжейлі тоқталды.
БОЛАТ АҚШОЛАҚОВ, ҚР Энергетика министрі:
– Ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында мұнай және жанар-жағармай өңдеу ісіне серпін берілді. Осылайша ағымдағы жылы 5,2 млн тонна дизель отыны өндірілмек. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 тоннаға көп.

Ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін тағы бір маңызды шешім қабылданды. Енді Қазақстан аумағынан бензиннің, дизель отынының және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен әкетуге тыйым салынады. Сондай-ақ, жанар-жағармай құю бекеттеріне сараланған бағалар енгізілді. Брифингіде Энергетика министрі дизель отынын отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жөнелту қатаң бақылауда екенін де атап өтті және статистиканы сөйлетті.

БОЛАТ АҚШОЛАҚОВ, ҚР Энергетика министрі:
– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шілдеде 106,6 мың тонна дизель отыны жіберілді. Ал тамызда агроқұрылымдарға 145,6 мың тонна дизель отыны бөлінді. Оларға барлығы 423,5 мың тонна дизель отынын жөнелту жоспарланып отыр. Қалғаны жақын арада жеткізіледі.

Елімізде дизель отынына деген сұраныс жыл санап артуда. 2020 жылы Қазақстанда 4 млн 969 мың тонна жанар-жағармай өндірілген. Ал биылғы қажеттілік бұдан 500 мың тоннаға көп болады деп болжануда.

Алдияр Айтпаев