Әр түрлі

Биыл өңірде есірткі қылмысына қатысы бар 23 адам сотталған

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Ашығын айту қажет, қазір елімізде нашақорлық белең алып тұр. Қоғам дерті күннен-күнге жасарып та барады. Қазір тепсе темір үзетін жастардың кейбірі анда-мында наша жасырып, айласын асырып, тиын-тебен тауып жүр. Мұндай табыс ерте ме, кеш пе желкеден шығады. Мұны қатарластарымыз бес саусақтай біледі де. Бірақ, заңның ала жібін аттауды қоймайды.

Жақында әлеуметтік желіде мынадай видео тарады. Оны жергілікті әріптестеріміздің бірі ұялы телефонына түсіріп алыпты. Көріп тұрғандарыңыздай, жап-жас жігіт жан-жағына жалтақтап, үй мен мектептің арасындағы аулада бірдеңе іздеп жатыр. Әрекеті көпке созылмаған. Бірер минуттасын әлгі адам оқиға орнынан ізін суытыпты.

БАУЫРЖАН ӘБДІЛМАНОВ, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
– Бұл жағдайды білеміз. Біздің мамандар оқиға орнында болды. Әлгі адамның есірткі тұтынушы екені анықталды.

Полицейлердің сөзінше, қаламызда мұндай жайттар жиілеген. Тиісінше, есірткі сататын, тасымалдайтын, тұтынатын адамдармен күрес те күшейген. Нәтиже бар. Жыл басынан бері көлденең жолмен көк тиын тапқан талай жан темір торға тоғытылыпты.

БАУЫРЖАН ӘБДІЛМАНОВ, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:
– 8 айда өңірде 145 есірткі қылмысы тіркелді. Оның 49-ы – өткізу. Заңсыз айналымнан 383 келі есірткі заты алынды. 84 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Әр адамның өмірі өз қолында. Бір кездері табыс табу мақсатында немесе құмарлықпен заңның ала жібін аттағандар тура жолға қайта түсе алады. Ол үшін алғашқы санаттағы адамдар оңай ақша түптің түбінде опық жегізетінін ұғынуы тиіс. Ал екінші топтағы жандар нашақорлық – ғасыр дерті екенін түсініп, емделуі қажет. Қазір елімізде арнайы орталықтар бар. Соның бірі өзіміздің Петропавлда орналасқан.

ГАЛИНА АНДРЕЕВА, облыстық психикалық денсаулық орталығының бөлімше меңгерушісі:
– Қазіргі таңда біз есірткіге тәуелді жандарға толық медициналық қызмет көрсете аламыз. Бұл ретте ашықтық өте маңызды. Адам мамандарға неғұрлым осал тұсын айта білсе, соғұрлым “аурудан” айығады. Ал емдеу уақытын дөп басып айту мүмкін емес. Кейбір тұлғаларға жылдап та көмек көрсетілуі мүмкін. Бәрі адамның өз қолында. Ескерер жайт, біздің орталықта қызмет ақысыз негізде көрсетіледі.

Жыл басынан бері 51 солтүстікқазақстандық ғасыр дертінен емделіпті. Ал қазір орталықтың есебінде тұрғандардың саны бұдан 10 есе көп. Статистика бас шайқатады. Нашақорлықты мына жігіт жеңді. Өзін Вадим деп таныстырған 23 жастағы қала тұрғыны бет жүзін көрсетпеуді және дауысын өзгертуді өтінді. Өйткені, өткені өзегін өртейді. Болашағына балта шаба жаздаған азамат аузынан ана сүті кетпей жатып есірткінің дәмін татыпты.

ВАДИМ:
– Анашу я начал курить с класса 5-6, а синтетику уже попробовал в 7 классе. С ребятами пришли к нам в парк, толпа ребят собралась.

Бір кездері есірткі есірткен Вадимнің бәрі есінде. Алғаш анаша шеккені, үйден жұмалап кеткені, ананың көз жасын төккені. “Бәріне өзге емес, өзім кінәлімін”,- дейді жас жігіт. Нашаға әуес болғаны соншалық бозбала күнінде біздің кейіпкер сабағына бармапты, айналасында әлімжеттік жасапты, туған-туыс, дос-жаранды алдапты. Әйтеуір не керек, түрлі айла-тәсілмен ақша тауып, құмарға құртыпты. Сөйтіп жүргенде қала тұрғыны әскерге алынады. Алайда, темірдей тәртіп теріскейлікті түземейді. Вадим Отан алдындағы борышын өтеп келген күні ескі әдетіне қайта басады. Ауру қалса да әдет қалмайды…

ВАДИМ:
– Күндердің бірі күні Павлодар қаласында арнайы орталық барын естідік. Мені жақындарым сол жерге апарды. Басында оң нәтиже болмайды, не істесе де мен бәрібір есірткіні тастай алмаймын деп ойладым. Алайда, өмірім өзгерді. Білікті мамандардың көмегімен емделіп, тура 1 жыл бұрын нашақорлықты жеңдім. Жақында біздің қаламызда да арнайы орталық ашылыпты. Бұған өте қуаныштымын. Жастар сол жерде емделсе екен деймін. Әйтпесе, талай адам теріс жолда жүр.

Қазір Вадим қаламыздағы колледжердің бірінде оқиды. Білім алуға, өмірге өте құштар. Нашақорлық мәселесіне жақында ел Президенті де тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті Жолдауында Қазақстанда есірті, оның ішінде синтетикалық өнімдерді тұтынатындардың көбейгенін сөз етіп, күресті күшейту қажеттігін алға тартты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы 3 жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық өнімдерді өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет.

Әзірленетін кешенді жоспарға мектептегі білім беру де кіретіні белгілі. Себебі, қазір баяғы Вадим сияқты бесіктен белдері шықпаған балалар есіртіні ермек қылып жүр. Соларға және айналасындағы ұл-қыздарға нашақорлық сан соқтыратынын және құмарлықтың құрсауынан шығу оңай еместігін ұғындыру қажет.

АҚНҰР БЕЙСЕНБАЕВА, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің әлеуметтік ұстазы:
– Балалармен 5-ші сыныптан бастап жұмыс жүргіземіз. Оқушылардың әлеуметтік жағдайларын, қоршаған орталарын бақылаймыз. Нәтиже бар. Қазір біздің мектепте есепте тұрған бала жоқ.

Тәрбие – тал бесіктен. Салауатты әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуде отбасының да маңызы зор. Бірінші кезекте ата-ана балаларына оң мен солды танытуы, үлгі болуы тиіс. Сонда ұл-қыздар есірткіден аулақ болары айдан анық. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің…

ВАДИМ:
рус: 08:12-08:20 Тем, кто никогда в жизни не пробовал и понятия не имеет, что это, ребята, никогда не связывайтесь с этим, это очень страшная штука. Я просто 7 лет прожил в аду.

Байболат Култанов