МТРА жаңалықтары

Депутат пікірі

Облыстық мәслихат депутаттары да Президент Жолдауына қатысты өз ойларын білдірді. Евгений Кинцель Парламент палаталарының бірлескен отырысында шағын және орта бизнеске қатысты мәселенің көтерілуі орынды дейді. Саяси шара барысында Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке жылдам және қолжетімді несиелендіру кешенін жүзеге асыруды тапсырды.

ЕВГЕНИЙ КИНЦЕЛЬ, облыстық мәслихат депутаты
–  Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қаржылай қолдау өте маңызды. Алдағы уақытта бұл ресурстар қолжетімді болса, ел экономикасы дами түседі. Президент салық реформасы аясында “сән-салтанатқа салық” салуды енгізу туралы да айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасын да құптаймын.

Осы ретте нақтылай кетейік, мұның орта тапқа қатысы жоқ. Салықтың бұл түрі тек аса қымбат жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алған жандарға ғана салынады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
– Автокөлік сатып алу кезінде төленетін алым-салық мәселесіне жеке тоқталайын. Кейбір жақын шетелдерден әкелінген автокөліктерге қатысты түйткілдер баршаға мәлім. Заң аясынан тыс қалып отырған мұндай көліктер қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіруде. Заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет.

Президент Жолдауда білім беру жүйесіне де тоқталып өтті.

ОЛЬГА КЛИШИНА, облыстық мәслихат депутаты
– Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге 3 ауысыммен оқитын ескі мектептер емес, заманауи білім ұялары керек екендігін айтты. Жолдауды мұқият тыңдағаннан кейін еліміз жаңа Қазақстан құруға алғашқы қадамдар жасап жатқанына көзім жетті.

3 жылдың ішінде өңірде 4 мектеп тұрғызылған. Ағымдағы жылы 750 балаға шақталған қос білім ұясының құрылысы жүріп жатыр. Олардың екеуі де Тайынша ауданында бой көтеруде. Президент кешегі Жолдауында оқушы формасына да тоқталып өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
– Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жоғары білім беру мекемелерінде студенттерді жатақханамен қамту және оқу ақысына жеңілдетілген несие беру жайлы да сөз қозғады.


Алдияр Айтпаев