МТРА жаңалықтары

Жолдау жайлы пікір

Мемлекет басшысының қабылдаған реформалары көптің көңілінен шыққандығы айтпаса да белгілі. Президент бірқатар проблеманың басын қайырды және жаңа бастамаларды жария етті. Жыл сайынғы жолдауды Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Сүлейменова қалыс қалдырмайды. Нәзікжандының айтуынша, дәстүрлі түрде өтетін шарада айтылатын дүниелердің ауқымы жыл санап кеңейіп, салмағы артуда.

СӘУЛЕ СҮЛЕЙМЕНОВА, СҚО Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы
–  Биылғы Жолдау халық үніне құлақ асатын жаңа Қазақстан құрылып жатқандығын байқатты. Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы ретінде мен үшін гендерлік саясат, әйелдер мен балалардың дамуы маңызды. Өзімді ана ретінде балаларымызға арналып ұлттық қордан ақша бөлініп отыратын бағдарлама іске қосылатындығы қатты қуантты. Келешекте жастарымыз жиналған қаражатқа сүйене отырып сапалы білім алады, өз баспанасына қол жеткізеді.

Президенттің жаңа жолдауы әйелдер қауымын бір серпілтіп тастады. Нәзікжандылардың көкейінде көптен бері жүрген сұрақ өз шешімін тапты. Енді азаматшалар 61 жаста зейнетке шығады. Мемлекет басшысының бұл шешімін қоғам белсендісі Сәуле Сұрағанова қос қолдап қолдауда.

СӘУЛЕ СҰРАҒАНОВА, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының төрайымы
–  Бұған дейін өткен кездесулер барысында әйел адамдар бірнеше рет зейнет жасына қатысты өз наразылықтарын білдірген болатын. Президентіміз бұл сұрақтың нүктесін қойды. Сондай-ақ, бала күтіміне арналған төлем 1,5 жылға дейін ұзартылды. Ең төменгі жалақы да 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мемлекет басшысының барлық жолдауларының басты мақсаты халықтың әл-ауқатын арттыру екендігі қуантады.

Мемлекет басшысы мектепке дейінгі тәрбиені де мықтап қолға алу қажеттігін қадап айтты. Қазіргі таңда екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшамен қамтылған. Президент бұл мәселе тез арада шешілуі қажет деді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті

– Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.

Осы ретте мектеп салуға қаражат қайдан алынатындығы да белгілі болды.«Жайлы мектеп» жобасы аясында білім ұялары жемқорлардан тәркіленіп алынған ақшаға тұрғызылады.


Алдияр Айтпаев