МТРА жаңалықтары

Жолдау: білімді ұрпақ – ұлт болашағы

Қозыбаев университеті қабырғасында Президент Жолдауы талқыланды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
– Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет.

Кешегі Жолдауында Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласына айрықша тоқталды. Болашақта Қазақстанда балабақша тәрбиешілерінің әлеуметтік мәртебесі арттып, жалақысы көбеймек. Мектеп жасындағы балалар жан-жақты болып өсуі қажет. Енді жоғары сыныптарда жаратылыстану-математика пәндерін және ағылшын тілін оқытуға ерекше мән беріледі. Жоғары оқу орындарында оқу ақысының төмен еместігі бәріне белгілі. Уыс-уыс ақшаның жоқтығынан болашағынан зор үміт күттіретін талай талантты жас дипломға қол жеткізе алмайды. Келешекте талапты қыз-жігіттерге жылдық өсімі 2-3 пайыз болатын жеңілдетілген несие берілмек.

АҚМАРАЛ ЫБЫРАЕВА, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректордың кеңесшісі
– Біздің қоғамда несие алу мәселесі бірінші рет болайын деп отырған жоқ. Бұған дейін де болған. Бірақ, ол соңына жетпей тоқтап қалды. Қазіргі таңда несие керек деп ойлаймын. Білім алуға жағдай жасау қажет.

Бүгінгі жиында модератор қызметін атқарған Ақмарал Ыбыраева несие рәсімдеп, білім алған жас болашақта ел үшін аянбай еңбек ету қажет деп санайды. Бекзат Латыпова – Қозыбаев университетінің студенті. Бойжеткен кешегі Жолдауда жастарды жатақханамен қамту және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған қыз-жігіттердің пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мәселесінің көтерілгеніне қуанышты.

БЕКЗАТ ЛАТЫПОВА, Қозыбаев университетінің студенті
–  Әрине, бұл жаңалық бізді қуантады. Себебі, қаламызда жатақхана тапшы. Пәтер табу да қиын. Пәтерақының 50 пайызын мемлекет төлейтіні де қуантады. Жастар Президент бастамаларына қолдау көрсетеді деген ойдамыз.

Тағы қандай мәселелерді қамту қажет? Бұл тұрғыда Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректордың кеңесшісі Ақмарал Ыбыраеваның айтары бар.

АҚМАРАЛ ЫБЫРАЕВА, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректордың кеңесшісі
–  Мемлекеттік тіл және қауіпсіздік. Осы қос мәселе де алдағы уақытта қарастыруды қажет етеді.

Университет қабырғасындағы жиын біразға созылды. Сөз алғандар Жолдаудағы басым тұстарға жіті тоқталып, өз ойларын білдірді.


Байболат Култанов