МТРА жаңалықтары

2025 жылға дейін елдегі жолдардың кемінде 95 пайызы жақсаруы тиіс

 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға жолдаған кешегі Жолдауында елдегі автожолдардың жай-күйіне қысқа да нұсқа тоқталып өтті. Айта-айта жауыр болған бұл проблеманы Мемлекет басшысы Үкіметке 2025 жылға дейін шешуді тапсырды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
– Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы өз сөзінде елде әлі күнге дейін битум тапшы екенін атап өтті. Бұл ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай деді. Алдағы уақытта Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуі тиіс. Осы ретте “Петропавл жолдары” серіктестігінің өкілі де өз пікірін білдірді. Владимир Непочатовтың сөзінше жыл сайын жол салу жұмыстары қызған кезде осы битумның тап­шы­лығы қатты сезіледі де жатады.

Владимир Непочатов, “Петропавл жолдары” ЖШС өкілі:
– Битумның тапшылығынан көптеген мәлелелер туындайды. Асфальт салу кезінде битум жетіспей жатса, әрине, сапа да төмендейді. Осы материалдың тапшылығынан жөнделіп жатқан жолдарды тапсыру мерзімі де кейінге шегереді. Жалпы, битум деген материалсыз тақтайдай тегіс әрі сапалы асфальтты армандауға да болмайды.

“Петропавл жолдары” серіктестігі өңірде 25 жылдан бері қызмет етеді. Компания өкілдері облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндейді. Жыл сайын серіктестік 1 мың шақырым жолды қалыпқа келтіреді. Күніне мамандарға тақтайдай тегіс асфальт төсеу үшін кемінде 30 тоннадай битум қажет. Бірақ, әр объектіде мамандар аталған материалдың аздығын сезінеміз, дейді.

Әлібек Иткаринов, техникалық қадағалау жөніндегі сарапшы:
– Құрылыс маусымының соңында барлық дерлік ұйымдар битумның жетіспеушілігіне тап болады. Бұл жерде тағы бір мәселе бар. Мердігерлік шартының талаптары бойынша материалдардың барлығы отандық өнім болуы тиіс. Мысалы, Павлодар мұнай өңдеу зауытын алатын болсақ, биыл олардан битум сатып алуға мүмкіндік болмады. Себебі, кәсіпорында жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осындай жағдайларда жол салатын мамандар қиындықтарға тап болады. Мұндайда сапа бола ма, мерзім сақтала ма? Айту қиын.

Жолшылар битум тапшылығын бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Олар бұл проблеманы Үкіметке жеткізуге тырысыпты. Алайда, түк нәтиже болмаған. Енді мамандар Ел Президентінің жол жағдайын жақсартуға қатысты айтқан тапсырмаларына сенім артып отыр


Дана Ешкенова