Аптадағы маңызды жаңалықтар

Жолдау жария етілді

 

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші
– Күздің саяси шымылдығы ел Президентінің Жолдауымен ашылды. Бұл жолы Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында не айтады? Қандай тапсырма береді? Сан түрлі сауалдар әрбіріміздің ойымызда бірнеше күннен бері жүрді. Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев мінберде 1 сағаттан артық сөйледі. Маңызды мәселелер көтерді. Бір бөлігіне шолу жасайық.

Президенттің соңғы Жолдауы үстіміздегі жылдың наурызында жарияланды. Араға тура 168 күн салып Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс ғимаратындағы мінберге қайта шығып отыр. Қазір ел билігі “Жаңа Қазақстанды” құрып жатқаны мәлім. Бұл кезеңде республикада әділдік орнауы тиіс. Бүгін Президенттің бастапқы ойы осыған қатысты болды. “Біз “Азамат-бизнес-мемлекет” арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз”,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
–  Бірінші бағдар – жаңа экономикалық саясат. Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар.

Күрделі мәселелерді шешу үшін жүйелі жоспар керек. Қаржы да аса қажет. Бұл ретте Президент жаңа бюджет кодексін қабылдауды ұсынды. Мұның өзіндік мән-маңызы бар. Жаңа әрі әділетті Қазақстанда шығынға жол жоқ. Көрпеге қарай көсілген жөн.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
–  Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз. Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші
–  Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікті қолдау мәселесін жиі көтереді. Бүгінгі Жолдауында да тоқталды. Президенттің сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді. Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге босқа жатыр. Яғни, қомақты ақша іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбеуде. Бұл проблема жедел арада шешілуі тиіс. Мемлекет басшысы Ұлттық банкке, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Үкіметке нақты секторды тұрақты әрі қолжетімді несиемен қамтамасыз ететін шешімдер қабылдауды тапсырды.

Жол – мемлекеттің күретамыры. Президенттің тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін Қазақстандағы жолдардың кемінде 95 пайызы жақсаруы тиіс. Іске жауапты билік өкілдері мен мердігерлер сапаға аса мән бергендері жөн. Бөлінген қаржыны қалтаға басуға, артынша шетел асуға тыйым салынған. Маңызды мәселе Үкіметтің жіті бақылауында болады. Жолдауда саладағы тағы бір өзекті проблема туралы айтылды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
– Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс. Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе қант жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді.

Ауыл шаруашылы саласына көшейік. Қазір мемлекет дихандарды қолдау мақсатында қыруар қаржы бағыттайды. Бұл ретте субсидия қолы ұзындардың қоржынында кетпеуі тиіс. Қаражат әділ бөлінуі қажет.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
– Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.

Қазақстанда ең төменгі жалақы деңгейі 60 мыңнан 70 мың теңгеге дейін көтеріледі. Алдағы уақытта бұл шешім 1,8 миллион азаматтың табысына тікелей әсер етеді. Саладағы тың жаңалық бұл ғана емес. Әйелдердің зейнет жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалмақ. Болашақ ата-аналардың құлағына алтын сырға! 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап сәби бір жарым жасқа толғанға дейін төлемақы төленбек. “Қасіретті қаңтар оқиға” елдің әлі есінде. Желіккендердің кесірінен қаншама адам ажал құшты. Бірақ, көпке топырақ шашуға болмайды. Жылдың алғашқы күндері алаңда қантөгісті ұйымдастырған, қолына қару алғандармен қатар жай жүргендер де болды. Олардың барлығын жазалау – әділетсіз шешім.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
–  Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бірреттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым. Разумеется, амнистия не затронет главных фигурантов, причастных к организации беспорядков, а также обвиняемых в государственной измене и попытке насильственной смены власти. Под амнистию не подпадут и лица, совершившие террористические и экстремистские преступления, рецидивисты, а также применявшие пытки.

Осы күзде елімізде саяси маңызды іс-шара ұйымдастырылмақ. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев Президент сайлауы өтетін айтты. Бұл – жаңа әрі әділетті Қазақстанды құрудағы маңызды тәсілдің бірі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
–  Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын.

Мемлекет басшысы Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді де ұсынды. Нақты шешімді депутаттар қабылдамақ. Келесі жылдың бірінші жартысында елімізде Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың да сайлауы өтпек. Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев “Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз” деді.


Байболат Култанов