Білім

Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжіне 225 студент қабылданды

 

Петропавлдық Майра Жүкенова 21 жыл бойы қаладағы гуманитарлық-техникалық колледжінде қызмет еткен. Қазір зейнет демалысында. Соған қарамастан ұжыммен әлі күнге дейін етене жақын араласып тұратынын айтады. Бүгін әріптестерін қолдап, жаңа оқу жылымен құттықтау үшін жиынға арнайы келіп отыр әрі биыл өзінің немересі де аталған білім ошағының 1-курс студенті атанды.

МАЙРА ЖҮКЕНОВА – қала тұрғыны:
– Немерем ақпараттық жүйелердің қауіпсіздігі деген мамандыққа оқуға түсті. 03:53/ Немерем өзі колледжді бұрыннан көріп жүрді, мұғалімдерді біледі. Өзіне ұнағасын осында түсуге шешім қабылдады. Жыл сайын колледжге жаңа мамандықтар қосылып отырады. Түлектер тек қала аумағында емес, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүр. Құрылыс, ақпарат, туризм, есеп саласында білім алатын студенттер республикалық, қалалық конкурстарға белсене қатысып, жүлделі орындармен оралып жатады.

Салтанатты шараға жиналғандардың қарасы қалың. Ішінде Арсений Кельбрант та бар. 15 жастағы солтүстікқазақстандық студенттік өмірге алғаш рет қадам басты. Жерлесіміз «Ақпараттық қауіпсіздік технигі» мамандығы бойынша білім алмақ.

АРСЕНИЙ КЕЛЬБРАНТ – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті
–  Менің ойымша, қазіргі таңда «Ақпараттық қауіпсіздік технигі» мамандығы сұранысқа ие. Сол себепті, осы саланы таңдауды жөн көрдім. Айта кетсем, өзім мектепте 9 жыл бойы жақсы оқып, үздік аттестатпен аяқтадым. Ендігі кезекте колледжде білімімді одан әрі шыңдап, жақсы нәтижелер көрсетіп, биік белестерді бағындырғым келеді.

Жалпы, биыл 225 теріскейлік жас гуманитарлық-техникалық колледжінің 1-курс студенті атанды. Олар 9 топқа бөлініп, білім алмақ.

Руслан Әбішев – Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары
–  1-қыркүйек – Білім күніне арналған мерекелік іс-шара дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады. Студенттеріміздің бойындағы патриоттық сезімді арттыру мақсатында жиынды Қарасай мен Ағынтай батырларымыздың ескерткіштерінің жанында өткіземіз. Тілге тиек ететін жайт, колледжге түсуге ниетті жастардың қатары жыл санап артып келеді.

Салтанатты шараға 1-курс студенттерінен бөлек, оқуға былтыр түскен қыз-жігіттер де қатысты. Жиыннан соң барлығына сынып сағаты ұйымдастырылды.


Алтынай Казиканова