МТРА жаңалықтары

Қасым-Жомарт Тоқаев: Алдағы 3 жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейеді

 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға жолдаған бүгінгі Жолдауында денсаулық сақтау саласындағы түйткілді проблемаларға да тоқталып өтті. Айтуынша, мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген медициналық көмек жүйесінің тиімділігі төмен. Тіпті, сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. «Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті»,- деді Мемлекет басшысы.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
– Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ендігі жылдан бастап ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруға арналған ұлттық жобаны жүзеге асыруды тапсырды. Қазіргі уақытта еліміздегі 650 елді мекенде емдеу мекемесі жоқ. Енді алдағы екі жылда ауылдық жерлерде медициналық және фельдшерлік-акушерлік бөлімшелер салынып, қажетті құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілмек. Нәтижесінде, бір миллионнан астам адамның алғашқы медициналық-санитарлық көмек алуына мүмкіндік жасалады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ – ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

– Ұлттық жоба аясында 32 аудандық аурухана заманға сай жаңарып, ауданаралық көпбейінді мекемеге айналады. Онда инсульттен емдеу орталықтары, хирургия, жансақтау және оңалту бөлімдері ашылады. Бұл төрт миллионнан астам адамға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттырады.

Ел Президентінің Жолдауын солтүстікқазақстандық медицина қызметкерлері мұқият тыңдап шықты. Мамандар енгізілетін өзгерістер жайлы естіп, қуанғандарын жасырмады. Әсіресе, алдағы үш жылда резидентураға бөлінетін грант саны 70 пайызға көбейетіні құлаққа майдай жаққан.

МЕҢСҰЛУ КӨШЕКОВА – ОБЛЫСТЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАНЫҢ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК САПАСЫН БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
–  Бізде тар бейінді мамандар жетіспейді. Сондықтан, резидентураға бөлінетін грант санының артуы кадр тапшылығы мәселесін шешеді деген үміттеміз. Қазіргі таңда инфекциялық аурулардың, соның ішінде коронавирус індетінің өршуін тежеуде телемедицинаның маңызы зор. Президент осы бағытты дамытамыз деп айтты. Яғни, осы арқылы ең алдымен шалғайда тұратын халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетілетін болады.

Меңсұлу Көшекованың сөзінше, облыстық көпсалалы аурухана қызметкерлері проблемалық сұрақтарды шешуде телемедицина тәсілін әлден қолданып жатыр.


Алтынай Казиканова