МТРА жаңалықтары

Шақыру батырмасы бар бағдаршам орнатылды

 

Петропавлда шақыру батырмасы бар бағдаршам пайда болды. Жаяу жүргіншілерге арналған заман игілігі Пушкин көшесі бойында, нақтырақ айтсақ, Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінің жанында жұмыс істеп тұр. Жаңашылдыққа оқушылар да, ата-аналар да дән риза.

Гүлсім Мұратова, қала тұрғыны
– Пушкин көшесі бойында орнатылған бағдаршам жаяу жүргіншілерге өте ыңғайлы. Батырмасы бар мұндай құрылғыны асыға күттік десем болады. Енді жолдың арғы жағына қорықпай өте аламыз.

Қазіргі таңда облыс орталығында жалпы саны 162 жаяу жүргіншілер өткелі бар. Олардағы 34 жол белгісі жаңасына ауыстырылыпты. Тәртіп сақшылары мұндай жұмысты “Абайлаңыз, балалар!” акциясы аясында өткізуде.

Данияр Іргебаев – CҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы жол-техникалық инспекциясы бөлімінің инспекторы
– Жұмабаев көшесіндегі жұмыс аяқталған соң Жұмабаев пен Чкалов көшелерінің қиылысында бағдаршам орнату жоспарланып отыр. “Абайлаңыз, балалар!” республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері көшедегі техникалық құралдарды қосымша тексерді. Бүгінгі күні оқу мекемелері жанындағы жол таңбаларын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сөз соңында айта кетейік, тамыздың 22-сінен бастап облыс жолдарында мыңнан астам бұзушылық тіркелген. Олардың бір бөлігі жаяу жүргіншілер тарапынан орын алыпты.

Дана Ешкенова