Спорт

«Ринг патшасы-2022» турнирі өз мәресіне жетті

 

Петропавлда «Ринг патшасы-2022» халықаралық турнирі өтті. Осымен 5-ші рет ұйымдастырылған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған және Ресей мен Қырғызстаннан келген 45 боксшы қатысты. Олардың барлығының жасы 35-тен жоғары. Біреу білсе, біреу білмес, мұндай жарыс тек өңірімізде ғана өтеді.

РУСЛАН ЕСЕНАЛИН, “Ринг патшасы-2022” турнирінің ұйымдастырушысы:
– 4 күндік жарысқа 12 команданың өкілдері келіп отыр. Турнирге тек бұрынғы боксшылар қатысады. Олардың арасында халықаралық додаларда топ жарған шаршы алаң шеберлері бар. Ардагерлердің айқасы тартысқа толы болады деп сеніммен айта аламын. Мұндай турнирді көрген де, көрмеген де арманда.

Спортшыларды қолдауға Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев келді. Ол ардегерлерге қолдау білдіріп, сәттілік тіледі.

СЕРІК СӘПИЕВ, ХХХ жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы:
– Боксшыларға сәттілік тілеймін. Өзім бұл турнирдің қатысушыларымен құрама команда сапында бірге жарыстарға барғанмын.

Шаршы алаңда 36 жастағы көкшетаулық Андрей Спиридонов пен 58 жастағы қырғызстандық боксшы жұдырық түйістіруде. Жеңгені турнирдің қола жүлдесіне қол жеткізеді. 2 спортшы Петропавлға жақсы дайындықпен келіпті. Бір-біріне 3 раундта да лайықты қарсылық танытты. Дегенмен, көршілес өңірдің өкілі жеңіс тойын тойлады. Ол ұпай сандары бойынша басым түсті. Отандасымыз қолына былғары қолғапты осыдан 26 жыл бұрын киген екен.

АНДРЕЙ СПИРИДОНОВ, жарысқа қатысушы, Көкшетау қаласы:
–  Бокспен айналысып жүргеніме көп уақыт болды деп ойлаймын. Өткен жылы осы жарыста 2-ші орын иелендім Биыл 3-ші орын бұйырды. Арманым жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілу еді. Алайда, сәл жолым болмады. Жарыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қарсыластардың барлығы мықты.

Боксшылар 6 салмақ дәрежесі бойынша қолғап түйістірді. Әр салмақтың жеңімпазы “Ринг патшасы-2022” атағына және сыйақыға ие болды.


Гульден Симбаева