Білім

Профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысы 75 пайызға өсті

 

Мәдениет және өнер саласындағы бірқатар жоғары оқу орнында оқытушылардың еңбекақысы көтерілді. Бұл жайында Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде айтылды. Бүгінде елімізде Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын 10 білім ордасы бар. Соның 4-еуі “Ұлттық” мәртебесіне ие.

Роза Кәрібжанова, ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрайымы;
– Және 4 колледж бар. Тағы 2 республикалық мектеп-интернат бар. Осы 10 оқу орнында 10 мыңға жуық жас білім алуда. 5 мыңнан астам студент жоғары білім алуда. Биылғы оқу жылына мемлекет тарапынан 2365 грант бөлінді.

Оның 800-і – шығармашылық оқу орындарына, 152-сі – магистратураға, ал 23-і докторантураға бағытталыпты. Сондай-ақ, жоғары білім ордаларының колледждеріне – 200, ал колледждерге 300 грант бөленген. Роза Кәрібжанованың сөзінше, бүгінде Мәдениет саласына қарасты мекемелердің барлығы жаңа оқу жылына сақадай сай.

Роза Кәрібжанова, ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрайымы;
– Аталмыш оқу орындары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағына 2014 жылы берілгенін атап өту қажет. Бұл осы оқу орындарының дамуына серпін берді. Бүгінде оқу орындары мен мәдениет саласындағы ұйымдар арасында өзара қарым-қатынас орнатылды.

Бір сөзбен айтқанда, әр оқу орнының өзіндік даму стратегиясы белгіленген. Байқауларда да көңіл қуантарлық нәтиже бар. Осы күнге дейін 800-ден студент халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты атаныпты.

Роза Кәрібжанова, ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрайымы;
– Өздеріңіз білесіздер, Үкіметтің қолдауымен біздің профессорлық-оқытушылық құрамының еңбекақысы 75 пайызға өсті. Бұрын 16 жыл тәжірбиесі бар профессор 267 мың теңге көлемінде айлық алған. Енді олардың айлықтары 435 мың теңгені құрайды. Доценттердің жалақысы да 400 мыңға дейін өсті.

Ескерер жайт, жалақы “Ұлттық” мәртебесіне ие жоғары оқу орындарында ғана өсті. Олар: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық өнер университеті, Қазақ ұлттық хореография академиясы мен Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы. Соңғы аталған білім ордасын Азамат Сатыбалды басқарады. Ол брифинг барысында сөз алып, атқарылып жатқан жұмысты жіпке тізді.

Азамат Сатыбалды, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры;
– Ғылыми-зерттеу бағытында 6 халықаралық ғылыми-жоба жүзеге асырылса, ғалымдарымыз республика көлемінде 18 жобаның жүзеге асуына ат салысуда.

Айта кетейік, бүгінде Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында 2700-ден астам студент білім алады.


Дана Ешкенова