МТРА жаңалықтары

Күзгі аңшылық маусымы бастау алды

Үйрек, қаз бен қасқалдақ. Өңірде тамыздың 27-сі күні күзгі аңшылық маусымы бастау алды. 3 айға созылатын кезеңде тек суда жүзетін құстарды ғана атуға болады.

ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
– Биыл аңшылық маусымының уақыты өзгерді. Бұрын суда жүзетін құстарды ату қыркүйек айының 1-ші сенбісінде басталатын. Биыл тамыз айының соңғы сенбісінде бастау алды.

Құс атуға шыққан солтүстікқазақстандықтар өздерімен бірге тиісті құжаттарын алып жүруі қажет. Атап айтқанда, аңшылық билетін, қару ұстауға рұқсат қағазын және аңшылық шаруашылықпен жасалған келісім шартын ұмытпауы тиіс. Соңғысында қандай және қанша аң-құсты атуға болатындығы жазылады. Мұнда қойылған талап ескерілмесе, тұлғаға 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.

ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
–  Суда жүзетін құстарды ату маусымы басталғалы бері өңірде бірнеше адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Біз өз тарапымыздан алдын алу шараларын өткізудеміз. Бұзушылықтардың дені олжаның қанжығаға қай жерде байланғанын белгілемеуге қатысты.
Заң бойынша аңшы құс атқан жерінде белгі қалдыруы тиіс.

Аңшы келісім шартта жоқ аңды немесе құсты атып алса, ауыр жаза тағайындалады. Мысалы, елік пен қабанға 750 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Естеріңізге сала кетейін, 1-ші қыркүйектен бастап борсықты, маралды, бұғы мен бұланды атуға рұқсат етіледі.


Самал Жунусова