МТРА жаңалықтары

Өңір кәсіпкерлері Германияда тәжірибе жинақтамақ


 

Тыңнан тәжірибе жинауға тамаша мүмкіндік! “Атамекен” кәсіпкерлер палатасында “Іскерлік байланыс” жобасы аясында өтініш қабылдануда. Бұл бағдарлама арқылы өңір бизнесмендері сонау Германия еліне барып, 2 апта бойы біліктілік шыңдай алады.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерді қаржылық қолдау бөлімінің сарапшысы
– Бірінші кезекте бұл бағдарламаға экономика саласында жұмыс істейтін компания басшылары қатыса алады. Негізгі талаптарға мыналар кіреді: кәсіпорынның құрылғанына 5 жыл болуы шарт. Жылдық айналымы 5 мың АЕК кем болмауы қажет. Сондай-ақ, директорда топ-менеджмент сынды арнайы курстардан өткендігін растайтын сертификат болуы керек.

Өтініштерді қабылдау 5 күн бұрын басталыпты. Бүгінгі күнге дейін жобаға қатысуға 2 солтүстікқазақстандық кәсіпкер ниет білдірген. Жерлестеріміздің бірі – агро, ал екіншісі – жеңіл өнеркәсіп саласының басшысы. Шетелге жол ашатын бағдарламаның тұсауы елімізде 6 жыл бұрын кесіліпті. Осы уақыт аралығында өңірден бір ғана бизнесмен Германияға барып, тәжірибе жинақтаған екен. Оның өзіндік себебі бар. Жүргізілетін іріктеу қатаң.

ӘСЕЛ САМАРАТОВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерді қаржылық қолдау бөлімінің сарапшысы
–  Шет елде кәсіпкерлер жаңа серіктестер тауып, іскерлік байланыс орнатады. Түрлі құрал-жабдықтардың жұмысымен танысады. Заманауи дүниелер ұнаған жағдайда сатып алып, елге әкеледі. Сондай-ақ, жергілікті бизнесменнің Германияға өз өнімін жеткізу туралы шарт жасасуы да әбден мүмкін. 2 жұмадан кейін жоба қатысушыларына арнайы сертификат беріледі. Биыл бұл бағдарламаға еліміз бойынша 20 адам қатыспақ. Оның 5-еуі солтүстікқазақстандық болады деп топшылап отырмыз.

Өтініштер қыркүйектің 12-ші жұлдызына дейін қабылданады. Кейін құжаттар қаралып, Германияға аттанатын кәсіпкерлер анықталады. Жоба қатысушыларының шығынын мемлекет өтейді.