МТРА жаңалықтары

СҚО-да алимент бойынша қарыз 320 млн теңгеге жеткен

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
– Өңірде алимент төлеуден жылдап қашып жүргендер бар. Уақыт өткен сайын мұндай жандардың қатары ұлғайып та барады. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Әбу-Әли Саттар ұсынған дерекке сүйенсек, соңғы 3 жылда өлкемізде бала-шағасына берешек тұлғалардың саны 12 пайызға өскен.

Қазір өңірде 6800-ден астам алимент төлеуші бар. Олардың 2,5 мыңнан астамы берешекті уақытында аударып тұрады. Ал 300-ге жуығы 3 айдан артық бауыр еті балаларына 1 тиын да аудармаған. Осы күні облысымызда алимент бойынша жалпы қарыз 320 млн теңгеге жетіп отыр.

ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, СҚО прокурорының бірінші орынбасары:
– Алиментті ер адамдар да, әйел адамдар да төлейді. Мынандай статистиканы жария етейін. Қазіргі таңда біздің өңірде 6,5 мыңға жуық ер адам және 400-ге жуық азаматша алимент төлеушілердің тізімінде тұр. Нәзікжандылардың 1-еуі берешекті өтемеуде.

Прокурор тілге тиек еткен безбүйрек нәзікжанды жұмыс істеп жүріп 3 бірдей баласына алимент төлемеген. Жалпы қарызы 1,1 млн теңгені құрапты. Осыған және өзге де құқық бұзушылыққа жол берген ана қазір темір тордың ар жағында отыр. Сондай-ақ, биыл 85 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың 30-ына айыппұл салынса, 55-і бірнеше тәулікке қамалыпты. Айта кетейік, алименттен жалтарғандарға Қылмыстық кодекстің 139-бабы бойынша 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.


ӘБУ-ӘЛИ САТТАР, облыс прокурорының бірінші орынбасары:
– Полицейлерден жасырынып жүргендер жайлы да айта кету қажет. Ағымдағы жылы 55 алиментшіге іздеу салынды. Оның 11-інің тұрғылықты жері анықталды. Берешегі барларды мынаған назар аударуға шақырамын. Тұлға 1 жыл алимент төлемесе, қарызы қазіргі таңда 936 мың теңгені құрайды. Бұл сомма еліміздегі орташа жалақыға байланысты келесі жылы өзгеруі мүмкін.


Жауапты сала өкілдері алимент төлеуден қашқақтап жүргендермен қазір түрлі әдіс бойынша күресіп жатыр. Тәсілдің бірі – жүргізуші куәлігінен айыру. Аз-кем дерекпен бөлісейік. Биыл облысымызда 42 адам тиісті құжатынан айырылыпты. Осындай шараның нәтижесінде өңірімізде берешек көлемі 46 пайызға төмендеген екен.

САМАЛ ЖҮНІСОВА, тілші:
қаз: Біреу білсе, біреу білмес, алиментті ата-аналар ғана емес, балалар да төлейді. Мәселен, облысымыз мұндай 22 адам бар. Олар әке-шешелеріне мемлекет бекіткен сомманы уақытында төлеп тұрады екен. Яғни, жалтарып жүргендер жоқ.


Самал Жунусова