МТРА жаңалықтары

Өңірде республикалық малшылар слеті өтті

Өңірде малшылар слеті өтті. Республикалық шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіпкерлер мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Алдымен қатысушылар Тайынша қаласындағы “BIOOPERATIONS” серіктестігіне барды. Облысымыздағы іргелі кәсіпорын астық өңдейді. Мысалы, 1 тәулікте 900 тонна бидай өңдеуге қауқарлы. Сонымен қатар, өңделген дақыл түрлерінен крахмал, глютен және биоэтанол шығарады.

ӘЛИХАН ТАЛҒАТБЕК, “Kazfoodproducts” холдингінің басшысы, Тайынша ауданы:
– Қазіргі таңда серіктестікте экожүйе құрылып жатыр. Ол бізге бидайдан терең өнделген өнім алуға мүмкіндік береді. Оны экспортқа жібереміз. Сондай-ақ, кәсіпорын аумағында комбикорм зауыты жұмыс істеп тұр.

Кәсіпорын шошқа өсіруді де мықтап қолға алған. Серіктестікте 100 мың бас тұяқты бар. Олардың еті экспортталады. Сонымен қатар, шикізаттан өзімізде шұжық жасалады. Дайын өнім дүкен сөрелерінде “LECKER” таңбасымен саудаланады. Слет барысында компания басшылары Тайыншадан шығатын шұжықтың дәмін татып, келесі объектіге бет алды. Бұл – “Иван Зенченко” серіктестігінің ірі қарасы.
1200 малдың 600-і – сауынды сиыр. Әрқайсысы күніне 33 литр сүт береді. Алынған ақ Петропавлдағы зауытқа жіберіледі.

ИВАН ЗЕНЧЕНКО, “Иван Зенченко” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Симментал тұқымды сиырлар 2017-де Бавариядан әкелінді. Сол жылдың соңына таман ірі қара төлдеп, алғашқы өнімді бере бастады. Бұзаулар осы фермада қалады. 2,5 айдан кейін еркек төлдер Новоникольское ауылындағы семірту алаңына жіберіледі. Олар 1,5 жыл семіртілді. 450 келі салмақ жинағаннан кейін сойылып, еті комбинатқа тапсырылады.

Ал, бұл – “Иван Зенченко” серіктестігінің №2 мал шаруашылық кешені. Мұнда симментал тұқымды ірі қараның 1800 басы бар. Зеңгі баба төлдері мына жерде сауылады. Істің барысын мамандар мына экраннан қарап отырады.

НҰРГҮЛ ЖҮНІСОВА, “Иван Зенченко” ЖШС зоотехнигі, Аққайың ауданы:
–  Экранда сиырлардың қанша сүт бергені ұсынылады. Барлық малдың құжаты бар. Онда қашан туғаны, қай уақытта екпені алғаны жазылып тұр. Барлығы автоматтандырылған.

Шара барысында слет қатысушылары Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылы маңында салынып жатқан “Солтүстік бройлері” құс фабрикасына да ат басын бұрды. Болашақта кәсіпорынның жылдық қуаттылығы 20 мың тонна етті құрамақ.

БЕРІК АҚМЫРЗАЕВ, “Северный бройлер” ЖШС құрылтайшысы, Аққайың ауданы:
– Фабрика неміс қондырғыларымен жабдықталып жатыр. Инкубатор мен құстарды союға арналған аймақ болады. Құнарлы дән шығарылатын шағын зауыт болады. Оған голландиялық жабдықтар жеткізілуде. 6 баз салынады. Әр нысанда 36 мыңға жуық қанатты өсірілмек.

Іргелі құс фабрикасы ағымдағы жылдың соңына дейін өз жұмысын бастамақ.

Кейін меймандар алқапқа барды. “Иван Зенченко” серіктестігінің егіс танабында жұмыс қызған. Қазіргі таңда агроқұрылым жұмысшылары сүрлемге жүгері жинауда.

ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, «Зенченко и КС» бас директоры, Аққайың ауданы:
–  Егістік жеріміздің жалпы аумағы – 50 мың гектар. Оның 42 мыңына дән сіңіріледі. 15 мыңы – бидай, 9 мыңы – арпа, 5,5 мыңы – жүгері. Тағы 9 мың гектар майлы дақылдар өсірілетін жеріміз бар. Бүгінгі күнге дейін 33 мың тонна пішендеме дайындадық.

Серіктестік алдағы қысқа 120-130 мың тонна сүрлем дайындауды жоспарлап отыр.

Алдияр Айтпаев