МТРА жаңалықтары

Облыстық кітапханада «Заңда ең бастысы – адам» атты дөңгелек үстел өтті


 

Ата заңымызға – 27 жыл! Осыған орай С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада «Заңда ең бастысы – адам» атты дөңгелек үстел өтті. Конституциямыздың мән-маңызы қаузалған алқалы жиынға 30-ға жуық солтүстікқазақстандық қатысты.

ДАМИРА СЕРІКБАЕВА, С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың кітапханашысы:
–  Біздің шарамызға мемлекеттік қызметкерлер, қала тұрғындары, оқытушылар, зейнеткерлер, жастар қатысуда. Ұлттық ұлан академиясының курсанттары және кітапханамыздың оқырмандары да шақырылды.

Маусымның 5-і күні Қазақстанда республикалық референдум өткені мәлім. Бүкілхалықтық дауыс берудің қорытындысы бойынша Ата заңымызға өзгеріс енгізілетін болды. Жиын барысында кейбір жаңашылдыққа облыстық соттың төрағасы Ербол Жанғазин тоқталып өтті.

ЕРБОЛ ЖАНҒАЗИН, СҚО сотының төрағасы;
–  Конституцияның 50-ші тармағы 2-ші бабына сәйкес Президент Конституциялық Соттың және Жоғары сот Кеңесінің төрағаларын тағайындау үшін Сенаттың келісімін алады. Сондай-ақ, енді Президент Сенатқа 15 емес, 10 депутат тағайындайды.

Ата заңды ардақтау – міндетіміз! Әрбір қазақстандық Конституцияны білуі, соның аясында жұмыс істеуі тиіс. Мереке қарсаңында 2 жас мемлекеттік қызметші ант қабылдады.

 

Айтмұхан Рахимов – ант қабылдаған екеудің бірі. Ол қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында бас маман болып жұмыс істейді.

АЙТМҰХАН РАХИМОВ – қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы
– 2019 жылы өзіміздің университетімізді “Құқықтану мамандығы” бойынша бітірдім. Осы жылдың сәуір айында мемлекеттік қызметке тест тапсырдым. Кейін бос орындарға конкурс өтті. Жолым болды. Міне, бүгін ант қабылдап отырмын.

Дөңгелек үстел қатысушылары «Конституция – мәңгілік елдің тұғыры» атты көрмені тамашалай алды. Көрмеге Ата заңымыз жайлы жазылған ондаған еңбек қойылған.