МТРА жаңалықтары

Судьялар іріктеуден өтті

 

Солтүстік Қазақстан облыстық сотында судьялыққа үмітті теріскейліктердің кандидатураларын талқылау бойынша кеңес өтті. Фемида өкілі атану үшін 21 адам өтініш білдіріпті. Алайда, бүгінгі жиынға тек 4-еуі келіп отыр. Талап қатаң. Қоғам белсенділері де мүшелік ететін арнайы топ әр үміткердің мінездемесін, өміржолын жіті қарайды. Қандай да бір салада жеткен жетістіктерін қағазға түртіп алады.

ҚАЗЫКЕН ДОСАНОВ, СҚО сотының отставкадағы судьясы:
– Үміткердің айыппұлы немесе қандай да бір заң бұзушылыққа қатысы болса, ол келесі кезеңге өтпейді. Менің тәжірибемде мұндай жағдай болды. Кандидат аса маңызды деректі жария еткісі келмеді. Алайда, біз оның өміржолын жіті қарап, құқық бұзушылыққа қатысы барын анықтадық.

Азамат Оқышев – судьялыққа үміткер. 32 жастағы жерлесіміз еңбек жолын құқық қорғау саласынан бастапты. Арманы – әділ судья болу.

АЗАМАТ ОҚЫШЕВ, судьялыққа үміткер
– Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов атындағы университетті тәмамдадым. 2 жоғары білімім бар. Құқық қорғау саласында тәжірибем де мол. Судья болғым келеді. Бүгінгі қоғамдық кеңеске дайындалып келдім. Жолым болады деп ойлаймын.

Қоғамдық кеңес бірнеше сағатқа созылды. Соңында арнайы топ өкілдері барлық үміткердің өтініші мақұлданғанын хабарлады. Бірақ, бұл кандидаттардың барлығы бірдей судья болады дегенді білдірмейді. Жерлестеріміз тағы бірнеше кезеңдік іріктеуден өтеді. Жолы болғандар еліміз бойынша бос орындарға тағайындалады.

Гульден Симбаева