МТРА жаңалықтары

Петропавлда құрылысшылар форумы өтті

 

Мақсат – өңірге инвестор тарту. Бүгін Петропавлда құрылысшылар форумы өтті. Жиында аққайыңдар өлкесінде іске асырылып жатқан және инвестициялық жобалар таныстырылды. Соңғы 5 жылда Солтүстік Қазақстанда құрылыс саласын қаржыландыру 2 есеге өскен. Тиісінше жұмыс та қыза түскен.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
–  Биыл кірпіш зауыты өз жұмысын бастады. Кәсіпорын толық қуатқа көшкен кезде өңір қажеттілігін жабады. Алдағы уақытта бұл өндіріс ошағын кеңейту немесе осындай тағы бір зауыт салу керек. Себебі облысымызда құрылыс қарқыны күн санап артып келеді. Сондай-ақ, ағымдағы жылы аққайыңдар өлкесінде құрғақ құрылыс қоспаларының өндіретін “Mix Universal” атты серіктестік ашылды. Жылдық қуаттылығы 13 мың тоннаны құрайды. Жыл соңына дейін кәсіпорын автоклавті газоблок шығаруды да жоспарлап отыр.

Былтыр облыста 345 мың шаршы метр қолданысқа берілген. Оның 220 мыңы – Петропавлда. Биылғы жоспар да ауқымды. Жыл соңына дейін аймақта 46 көпқабатты үй тапсыру көзделіп отыр. Форумда баспана бағасының 14 пайызға артқаны жайлы да айтылды. Бүгінгі таңда қаламызда пәтердің бір шаршы метр 317 мың теңге тұрады. Болашақта бұл көрсеткішті өңірімізде ашылған кәсіпорындар төмендетуі мүмкін.
Маңызды дерекпен бөлісейік, өлкеде құрылысы жүріп жатқан нысандардың 50% жеке инвестиция есебінен тұрғызылуда. Жергілікті билік қалталы азаматтармен әріптестік орнатуға қашан да әзір. Жиын барысында оларға негізгі шарттар таныстырылды.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары
– Құрылысқа арналған жер учаскелері аукцион арқылы 5 жылға дейін жалға беріледі. Содан кейін инвестор телімді толықтай сатып алады. Бастапқы төлем учаскенің кодастрлық бағасының 10%-ын құрайды.

Өлкеде төбесі көк тірейтін үйлерді салу мен қабырғасы жерге кірген үйлерді сүру жұмысы қатар жүруде. Соңғы бірнеше жыл ішінде өңірде 1700 ескі тұрғын жай бұзылған. Жан-жақты шаруа тындырылғанымен облысымызда баспана тапшылығы мәселесі әлі өткір тұр.

СӘТЖАН АБЛАЛИЕВ, СҚО әкімінің орынбасары
–  Қазіргі таңда пәтер кезегінде 20 мыңнан астам жерлесіміз тұр. Оның 15 мыңы – облыс орталығының тұрғындары. «Отбасы банк» ұсынған дерекке сүйенсек, қаржы ұйымында 51 мың солтүстікқазақстандық салымшы бар. Оның 4600-і соңғы 3 жылда шот ашқан.

Қазір баспана тапшылығы мәселесі тек Солтүстік Қазақстанда ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінде өзекті. Мұны форумға арнайы келген құрылысшылар одағының төрағасы мәлім етті.

ТАЛГАТ ЕРҒАЛИЕВ, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы
–  Еліміздің қай облысында болмасын ауылдан қалаға қоныс аударып жатқандар көп. Біздің есептеуіміз бойынша 7-8 жылдан кейін баспанаға мұқтаж жандардың саны 10 млн жетеді. Қазіргі таңда 500 мың адам – жергілікті атқарушы органдарда, ал 1 млн отандасымыз «Отбасы банкте» пәтер кезегінде тұр. Бұған 1,5 млн “Қандас” мәртебесіндегі адамды да қосу керек.

Өзекті мәселені тұрғын үй салып қана шеше аламыз. Бұл ретте облыстың құрылыс саласын дамытуға ат салысқан компанияларға тиісті көмек көрсетіледі. Мұны жиын барысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов айтты.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі
– Мердігерлерді қолдауға дайынбыз. Қажеттілік туындаса қосымша жағдай да жасаймыз. Сіздер үлкен нысан тұрғызсаңыздар, мемлекет сол объектінің жанынан кішігірім саябақ салуға әзір. Бұл инвесторларды тартуға және сіздердің саудаларыңызды  жақсартуға өз септігін тигізеді.

Айта кетейік, 2021-2025-ші жылдар аралығында облыста 2,3 млн шаршы метр қолданысқа берілмек. Бұл – шамамен 21 мың пәтер.


Алдияр Айтпаев