Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-ға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов келді

 

Өңірге жұмыс сапарымен Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов келді. Ол Аққайың ауданына қарасты Аралағаш ауылында салынып жатқан бройлер құс фабрикасында болды. Алдағы күзде мұнда сонау Түркиядан тауық жұмыртқасы әкелінбек. Олар инкубаторға салынып, алғашқы қанаттылар алынады. Жоспар ауқымды. Өндіріс ошағының басшылығы алғашқы жылы 5 мың тонна, ал бір жылдан кейін 2 есе көп ет өндіруді көздеп отыр.

БЕРІК АҚМҰРЗАЕВ, “Солтүстік бройлері” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Біз жергілікті нарықты 80 пайызға жабатын боламыз. Өнім көлемі ұлғайған сайын басқа аймақтарға саудалауды жоспарлап отырмыз. Адамдарды 2 кезеңмен жұмысқа аламыз. Алдымен 170 тұрғынды еңбекпен қамтимыз. Кейін жұмысшы санын 350-ге жеткіземіз. Фабрикадағы құрал-жабдықтар ең заманауи болады. Оларды алдыңғы қатарлы еуропалық компаниялардан сатып әкелеміз.

Құрылыс жұмыстары өткен жылдың наурыз айында басталыпты. Қазір 6 нысан әзір. Жақын арада сою цехі мен минералдарға бай жарма өндіретін зауыт дайын болады. Құс фабрикасының жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайды. Мемлекет субсидиямен көмектесіпті. Ал кәсіпорын өз кезегінде ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытуға жәрдемдеспен. Қазір Аралағашта 400 адам тұрады.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Мынандай ірі компаниялардың бәрі соған ат салысуы қажет. Вы через эту схему встречного обязательства должны оказать реальную помощь развитию ЛПХ. Я думаю, вы будёте в этом заинтересованы. У вас кормовая база готова.

Жалғыз Аралағаш ауылындағы құс фабрикасы емес, өңірдегі өзге де өндіріс орындары тұрғындардың жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытуға көмектесуі тиіс.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Вокруг крупных предприятий, которым помогает государство, предприятие будет брать на себя обязательство по развитию ЛПХ в сёлах, где они базируются.

Ералы Тоғжановтың сөзінше, мұндай механизмді еліміздің барлық өңірінде қолға алу керек. Тұрғындарды қолдау жайлы іргедегі Астраханка ауылында да айтылды. Аталған елді мекенде вице-премьер қоныстанушылармен кездесті.

Фатима Нәбиева осыдан 1 ай бұрын теріскейге сонау Маңғыстау облысынан көшіп келіпті. Қазір аудан орталығында дәргер болып жұмыс істейді. Азаматшаға Солтүстік Қазақстан ұнапты. Өзге өңірлердегі ағайынды аққайыңдар өлкесіне шақырады.

ФАТИМА НӘБИЕВА, Смирново ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Қызымның денсаулығына байланысты көшіп келдік. Көшіп келгеніме еш өкінбеймін. Бұл жер мені тәнтті етті. Бізге бар жағдай жасалды.

Тілдесуден кейін Ералы Тоғжанов тұрғындардың бау-бақшасына бас сұқты.

Астраханкаға жұмыс күші басым өңірлерден 7 отбасы көшіп келіпті. Бәріне су жаңа үй беріліпті. Жұмыс та ұсынылған. Бүгінде өңір тұрғындарына айналған ағайын мал ұстайды, көкөніс пен жеміс-жидек өсіреді. Бір сөзбен айтсақ, ел қатарлы өмір сүруде.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
–  Адамдар қорықпай сіздер сияқты шешім қабылдауы керек деп ойлаймын. Облыс әкімі Президенттің тапсырмасы бойынша жағдай жасап жатыр. Үйлеріңізді алдыңыздар, жұмыс бар.

Ал, бұл – Полтавка ауылы. Диана Сәпиева аталған елді мекенге жолдасы және 3 баласымен елордадан қоныс аударыпты.

ДИАНА СӘПИЕВА, Полтавка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Астанада жұмыс бар, айлық жақсы. Бірақ, өз үйіміз болмағасын осында көшуге мәжбүр болдым. Көмек көрсетіліп жатыр. Қыркүйекте жұмысқа шығамын. Кіші қызымды жаңадан салынған балабақшаға беремін.

Диана Сәпиева мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істейтін болады. Балабақшаны жергілікті серіктестік басшысы өз қаражатына салыпты. Құйылған инвестиция 340 млн теңгені құрайды. Кәсіпкер ауыл тұрғындарына жеке қосалқы шаруашылықтарын дамытуға да көмек көрсетеді екен. “Бұл – өзгелерге үлгі боларлық іс”,- дейді Премьер-министрдің орынбасары.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
– Солтүстік Қазақстан облысында нақты шаралар қолға алынған. Оны көріп отырмыз. Оны әрі қарай дамытуға мүмкіндік бар.

Қазіргі таңда Аққайың ауданындағы Полтавка ауылында 870 адам тұрып жатыр. Ал су жаңа балабақшаға 30 балғын барады.