МТРА жаңалықтары

Абайлаңыз, балалар!

 

Абайлаңыз, балалар! Өңірде осындай атаумен кезекті жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. Оның аясында тәртіп сақшылары балалармен және ата-аналармен кездесіп, жолда жүру ережелерін түсіндіруде.

РАМИЛЬ ХАБИБУЛЛИН – №23 орта мектебінің оқушысы
–  Велосипедпен жүру кезінде тепе-теңдікті сақтау керек. Сондай-ақ, жаяу жүргінші жолағынан өту кезінде тоқтап, велосипедті итеріп өту қажет. Маған мұны атам, әжем, анам және полиция қызметкерлері айтты.

Тәртіп сақшылары “Абайлаңыз, балалар!” атты акцияны бекерден-бекер ұйымдастырып отырған жоқ. Ағымдағы жылы облыс аумағында 184 жол көлік оқиғасы тіркеліпті. Салдарынан 24 адам қаза тапқан және 277 адам жарақат алған.

АЙГҮЛ КӘРІМОВА – СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы
–  Ата-аналар, оқу жылының басталуы қарсаңында балаларыңызға жолдардағы тәртіп-талаптарды түсіндіріңіздер.

“Абайлаңыз, балалар!” іс-шарасының 2 күндік қорытындысы мәлім. Қос тәулік ішінде жол қозғалысы ережесін бұзған 412 тұлға анықталыпты.
Оның 35-і – адамдардың жолды белгіленбеген жерден кесіп өтуі, бағдаршамның қызыл түсін елемеуі. Республикалық алдын алу акциясының
бірінші кезеңі 31-ші тамызда аяқталады. Екінші кезең 1-ші қыркүйектен бастау алады.


Гульден Симбаева